Жәнібек аудандық мәдениет үйінде қазақтың халық әндерін шебер орындаушы, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, Тамара Кафарованың мерейлі 60 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті.
Жан-жақты ойластырылып, әртүрлі жанрлық шығармалардан құралған концерттік бағдарлама әншінің сүйікті көрермендеріне тартқан тартуы болды.
Алдымен LED-экраннан әншінің өмірі мен шығармашылығы жайында бейнебаян көрсетілді. Сонан кейін Тамара Джурушқызының өнердегі әріптестері Гүлмаржан Қаташева мен Зәмзәмгүл Мұратова шығып, Тамараның шығармашылық кешіне қолдау білдіріп, құтты болсын айтып, қазақтың дәстүрімен шашу шашты.
Жеке шығармашылық ән кешінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов әншіні мерейлі жасымен құттықтап, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың құттықтау хатын табыстады.
– Халқымыздың асыл мұрасын дәріптеуге қосып жүрген үлесіңіз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, абыройыңыз асқақ, мерейіңіз үстем болсын, - деп аудан тұрғындары атынан иығына камзол кигізіп, орамал жапты.
Кеш барысында өнер иесі жиналған жұртшылыққа «қош келдіңіз» айтып, сахна шымылдығын арнау әнімен ашты.
Шығармашылық кеште ауданымыздың әншісі Райымбек Кәрімов, «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі мен өнерде де, өмірде де бірге жүрген замандасы Алтынбек Кәрімов те сахна төрінен табылды.
Жанды дауыстағы ән кешінде қазақтың халық әні «Угай-ай», әзірбайжанның халық әні «Сенен артық жан болмас» әнін екі тілде шырқады. Әрі қарай «Балапан қаз», «Беу айдай», «Ей, адамдар», «Замандастарым» сынды әндер орындалды. Өнерде Тамара Джурушқызының ізін басып келе жатқан сіңлісі Наргиза мен қызы Риза да өз өнерлерін паш етті.
Сонымен қатар Наргиза Касумова аудандық саз мектебіндегі шәкірттерімен бірге домбырамен попурри орындап, көрермен қошеметіне ие болды.
Кеш соңында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы А.Уәлиев сахна төріне көтерілді.
– Тамара қарындасымды шығармашылық кешімен және мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Кеште есті әндерді естіп, құлағымыздың құрышы қанып, өзіміз рухтанып, кереметтей көңіл күйде отырдық. Одан бөлек бұл концертте Тамараның шоқтығы биік өнері одан әрі биіктеді деп ойлаймын. Осы жолда сіз өнерге қызмет ету парыз екенін жақсы ұғынып, өнерсүйер қауымды ұлтымыздың дәстүрлі әнімен сусындатып келесіз, - деді Амангелді Мырзағалиұлы. Кеш Тамара Джурушқызының орындауында «Өнерім» әнімен өз мәресіне жетті.
Бану Самат
Жәнібек ауданы