Оралдағы «Аманат» партиясының БҚО филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында өңірдегі арнайы орта білім беретін оқу орындарының мәселелері талқыланды.

Аталмыш кеңестің төрағасы Азима Губашева тізгіндеген отырысқа БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зәуре Ғұмарова, облыстық тарихи мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Кенжин және оқу орындарының басшылары қатысты.
Жұмысшы мамандықтар жылы қарсаңында Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен облыс колледждеріне мониторинг жүргізілген. Өңірдегі отыз бес мемлекеттік және меншіктегі колледждерді тексеру үшін он екі мониторингтік топ құрылған. Тексеру тобы қатарында аталмыш кеңестің мүшелері, партиялық бақылау комиссия мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкідері болған. Олар өңірдегі колледж ғимараттары мен жатақханаларына шолу жасап, талапқа сай келмейтін жағдайлар үшін білім ұйымдары басшыларына ескерту жариялаған. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларының сақталуына, студенттерге шәкіртақы мен әлеуметтік көмектің уақтылы берілуіне, білім алушылардың құқықтарының қорғалуына баса назар аударып, сараптама жасаған. Мониторинг барысында шаһардағы және облысқа қарасты аудандардағы колледждердің барлығына дерлік тексеріс жүргізілген. Азима Зиннатқызы тексеру тобының сараптамаларын ортаға салып, баяндама жасады. Баяндама барысында өңірдегі бірнеше колледж бен жатақханалардың ғимараттары, ондағы материалдардың талапқа сай еместігін айтты.
– Орал ақпараттық технологиялар колледжі 1974 жылы іргетасы қаланған үш қабатты зауыттың ғимаратында орналасқан. Бүгінде 512 студент білім алуда. Ондағы 41 бейнекамераның сегізі жұмыс істемей тұр. Ғимарат өте суық. Кей кабинетте жоғары вольтты ашық сымдар бар екені де анықталды. Оған қоса спорт-зал жағдайы да көңіл көншітіп тұрған жоқ. Қабырғалары жарылып, киіну бөлмелері де сын көтермейді. Спорттық құрал-жабдықтардың саны аз, баскетбол торлары жоқ. Асхана жағдайы орташа, ас мәзірі колледж басшысымен бекітілмеген. Ас мәзіріндегі вермишельдің орнына борщ берілуде.
Орал «Сервис» технологиялық колледжі 1986 жылы салынған төрт қабатты ғимарат. Сыртынан қарап-ақ ғимарат қабырғаларының сөгіле бастағанын анық байқауға болады. Мұндағы 131 бейнекамераның жетеуі жұмыс істемейді. Колледждің кіреберісіндегі ақпараттық тақтаны жаңарту қажет. Колледждің аутотұрағының асфальт жабындысын жаңарту жөнінде өткен жылы қалалық әкімдікке хабар берілген, дегенмен ешқандай жұмыс жасалмаған. Жаяу жүргіншілер жол белгісі және ауладағы спорт алаңы тұсынан жол өткелі қажет. Спортзал жөндеуді қажет етеді. Спорттық құрал-жабдықтардың санын арттыру ұсынысы берілді. Спортзалдағы әжетхана мен киіну бөлмелерінің кіру есіктері ерекше топтағы жандарға қолжетімсіз, – деді Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы А. Губашева.

Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұрболат Исмағұлов Құрманғазы атындағы саз колледжі мен Жоғары инженерлік-технологиялық колледждің ғимараты да, материалдық-техникалық жабдықтары да талапқа сай екендігін жеткізді. Сондай-ақ жоғарыда аталған колледждерге сыни пікірін қосып, бұл мәселені бірігіп шешу керектігін айтты.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»