29.07.2025, 16:15
Оқылды: 225

Шыңғырлаулық механизатор облыста үздік атанды

 

Шыңғырлау ауданы, Ақтау ауылдық округінде ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, техниканың тілін жетік меңгерген еңбек адамы Ғайдар Консултанов «Үздік механизатор» аталымына ие болды.

Еңбегімен

Жақында Бәйтерек ауданында өткен «AGRO Fest – 2025» фестивалінде Ғайдар Консултанов «Үздік механизатор» аталымымен облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғыс хатпен марапатталды. Бұл аталым ауыл шаруашылығы саласында маңдай терімен танылған, ауыл тұрғындарының ықыласына бөленген еңбекқор жанның табандылығы мен еңбексүйгіштінің жемісі екені анық.

Көктемгі егіс, күзгі жиын-терім, шөп шабу, мал азығын дайындау сынды жұмыстарда алдыңғы қатарда жүріп, жоғары кәсіби шеберлігі мен заманауи техниканы тиімді пайдалану арқылы еңбек өнімділігін арттырғаны үшін осы мәртебелі марапатқа қол жеткізіп отыр.

Ғайдар Захарұлы Ақтау ауылында 1992 жылдан бастап трактор жүргізуші, механизатор болып жұмыс жасап келеді. 2017 жылы отбасымен «Темирлан» шаруа қожалығын ашып, ауылшаруашылық саласына үлесін қосуда.  Екі ұлы да "әке көрген оқ жонар"дегендей ауылшаруашылық техникаларын жетік меңгерген.

Ауыл әкімі Руслан Отарғазиев:" -Бұл марапат – тек жеке еңбектің емес, тұтас ауыл еңбеккерлерінің абыройы. Механизатордың жылдар бойы еңбегі ескеріліп, лайықты бағасын алды. Осындай азаматтардың арқасында ауыл шаруашылығы дамып, жастарға үлгі қалыптасады ",-деп,еңбек адамына деген ризашылығын жеткізді.

Қазіргі таңда Ғайдар Захарұлы жаңа техникалар алып округ аумағында шөп науқанына белсене қатысып, жеке аулаларды да шөппен қамтамасыз етуде. Ауылдастары да: "Көп сөзімен емес, ісімен өнеге көрсеткен азамат",-деп мақтанышпен айтып жүр.

Мұндай еңбек адамдарын дәріптеу – ауыл рухын көтерудің жарқын үлгісі.

 

                                                                                                                                 С.Сәлім,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале