Бүгін Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханада 5 тамыз - Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесі күніне орай аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев кәсіби және қоғамдық медиаторлармен жүздесіп, олардың еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қоғамдағы дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешуде медиаторлардың рөлі зор екенін атап өтіп, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жолында медиаторлардың атқарып отырған еңбегіне алғысын білдіріп, бұл қызметтің маңыздылығына тоқталды.
- Медиатор – бітімгершілікке бастайтын алтын көпір. Ел ішінде дау-дамай туындаған жағдайда тараптарды татуластыру – қазақ халқына жат ұғым емес. Бұрынғы бабаларымыз даудың дауасы мен шешімін би-шешендердің даналығына жүгініп тапқан. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды дүлдүлдеріміз бір ауыз сөзбен ел арасындағы дауды тоқтатып, бітістіре білген. Бүгінгі медиаторлар – сол даналық жолының жалғастырушылары.
Қазақстанда 2011 жылы қабылданған “Медиация туралы” заң бұл бағыттағы қызметке нақты құқықтық негіз қалыптастырды. Медиация бүгінде сотқа балама тиімді әдіс ретінде дамып келеді. Оның басты артықшылығы – уақытты үнемдеу, тараптардың құпиялығы мен ерікті түрде келісімге келуге мүмкіндігінің болуы. Медиация – халықтың ынтымағы мен бірлігін сақтау жолындағы маңызды құрал. Сіздердің арқаларыңызда көптеген дау бейбіт түрде шешімін тауып жатыр. Бүгін – 5 тамыз қоғамдағы дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешуге көмектесетін мамандардың кәсіби мерекесі. Сіздерге кәсіби мереке қарсаңында зор денсаулық, отбасылық амандық және атқарып жатқан жауапты қызметтеріңізде сәттілік тілейміз! Еңбектеріңіз халық бірлігі мен татулығына қызмет етсін, – деді аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы.
Кездесу еркін форматта өтті. Медиаторлар өз тәжірибелерімен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Әсіресе ауылдық жерлерде медиацияны дамыту, тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі айтылды.
Кездесуде аудан көлемінде медиаторлардың атқарылып жатырған жұмыстары мен қоғамдағы орны бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова, Қазақстандағы медиаторлардың мәртебесі, өзекті мәселелер, алға жылжу мен дамудың перспективалары, ұсыныс-пікірлер бойынша Казталов ауылдық округінің кәсіби медиаторы және аудандық татуластыру орталығының қоғамдық жетекшісі Марат Тоясов баяндама жасады.
Шара соңында Казталов аудандық сотының төрағасы Әлібек Нұрғалиев Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облыстық соты төрағасы А.Избасаровтың Құрмет грамотасымен Марат Тоясов және Марат Бигалиевті марапаттаса, аудан әкімінің алғысхатымен Жалпақтал а/о бойынша кәсіби емес медиатор Қадырболат Джубашев, Қошанкөл а/о бойынша кәсіби медиатор Марат Бигалиев, Казталов а/о бойынша кәсіби медиатор Марат Тоясов марапатталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген әділ баға және ынталандырудың бір түрі.
Медиаторлар күніне арналған бұл кездесу татулық пен келісімді насихаттауға, қоғамда бейбіт қатынастарды нығайтуға бағытталған игі шаралардың бірі болды.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы