Алматы облысының құтты төрінде көптен күткен «Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындарының шымылдығы салтанатты түрде түрілді. Сән-салтанаты жарасқан спорт мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып келген ауыл спортшылары жиналып, нағыз ауыл олимпиадасының алауын жақты.

Он күн бойы қырағы көз сыншылардың алдында, қалың жанкүйердің ыстық қолдауында 20 спорт түрінің үздіктері сынға түседі.

Ашылу салтанатында спортқа деген ықыласы мен қолдауын білдірген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әдбірахым мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов спортшыларға жүрекжарды тілектерін арнап, ауыл спортының абыройын асқақтатуға шақырды.

Бұл дүбірлі дода – төрт жылда бір мәрте ауыл-ауылды аралап өтетін спорттың үлкен мейрамы, нағыз ел ішіндегі дарындарды танитын мүмкіндік. Биылғы аламанға Батыс Қазақстан облысының да командасы толық құрамда келіп отыр. Жерлестеріне сенім артқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов: «Біз бұл жолы үздік бестікке кіруді көздеп отырмыз» – деп мақсат-мүддені айқындады.

Осылайша, аламанның алауы маздап, жасындай жалынды жігіттер мен өрімдей өрен қыздар ел намысы үшін сынға түсетін күндер басталды.

«Ақ бидай – 2025» – ауыл спортының өрісі кеңейіп, ел рухының асқақтайтын нағыз алаңы болмақ.

Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»,
Суретке түсірген: Мейірбек Тажқұранов