Орал қаласындағы «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны салынуына байланысты құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде адам сүйектері табылды.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Мирлан Әйтеновтің айтуынша, шіркеудің артындағы осы жерде бұрын казактар зираты болған. Өткен ғасырдағы азамат соғысы кезінде адамдар жерленген. «Криминалистер барып қарады. Енді құрылыс жұмыстарының жалғасу-жалғаспауын Орал қаласы әкімдігі шешеді», деді М.Әйтенов.
Кеңес дәуірі кезінде аталмыш стадионның зират үстіне тұрғызылғанын өлкетанушылар да айтып жүретін. Еске сала кетейік, «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қаржысына салынуда. Құрылыстың біту мерзімі алдағы көктемге жоспарланған болатын-ды. Осыған байланысты допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз кездесулерін әзірше «Стеновик» стадионында өткізуде.
Елжан Ералы