Биыл ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толды. Соған орай Орал қаласында «Дәуір дарабозы» деген атаумен тағылымға толы бір күндік іс-шара өтті.

Жиналған жұртшылық алдымен ҚР Тұңғыш Президенті алаңындағы Қадыр Мырза Әлидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Гүл шоғын қою рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен өңірдегі түрлі басқарманың басшылары, жергілікті ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ ақынның туыстары қатысты. Ақынның жұбайы Салтанат Мырзалиева, қарындасы Күләш Мырзалиева, ұлы Ғазез Қадырұлы, немерелері Айнамкөз бен Айсұлу Қадыровалар қазақтың маңдайына біткен азаматты еске алып жатқанына қуанып, Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді. Айта кетелік, ақынды еске алып, оның шығармалары мен әдеби мұрасын халыққа кеңінен насихаттауға арналған дүбірлі тойға өзге қалалардан да арнайылап қонақтар келді. Олардың ішінде белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ТМД Журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты, публицист Қайнар Олжай бар. Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы ескерткіш алдында алғысөз айтып, Қадыр ақынның шығармалары жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін жеткізді.
– Қадыр Мырза Әли – түрлі тақырыпты шебер суреттеген біртуар ақын. Ұлы ақынның 90 жылдығын атап өту – өткенді еске алып қана қоймай, болашаққа сеніммен қараудың айғағы. Қадыр мұрасы мәңгілік, оның сөзі – ұрпақтан-ұрпаққа жететін асыл қазына, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Одан кейін сөз кезегі Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваға ұсынылды. Ол «Ұлт бар жерде ұлысы жоғалмайды» деген қанатты сөзді тілге тиек етіп, ақын мұрасы мәңгілік өшпейтінін, келер ұрпақтың аузында жүретінін айтты.
– Қасиетті Ақ Жайықтың топырағында өтіп жатқан Қадыр ағаның тойы құтты болсын! Қазақтың Қадыры «Абай екеуміздің арамызда бала жоқ» дейтін. Өзінің халқын сонша махаббатпен жырлап, оның барлық қатесін, жетістігін, ерлігін, өрлігін жазып ақын енді ұмытылмайды. Көгілдір Ту мен егемен елді, әдебиетті қадір тұтар оқырман тұрғанда Қадыр ақынның тойы ғасырға жалғаса бермек, – деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Іс-шара соңында шаһардағы Қадыр Мырза Әли атындағы №47 мектептің 1-сынып оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Содан соң меймандар Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының жанында құрылған киіз үйге бас сұқты. «Ақын ауылы» деп аталатын қара шаңырақта жергілікті өнерпаздар ән шырқап, Х. Бөкеева атындағы обыстық қазақ драма театрының әртістері көпшілікке қойылым ұсынды. Қазақы ою-өрнекпен әдіптелген киіз үй ішіне жазу үстелі, жарықшам мен қаламсап, кітаптар, өткен ғасырға тиесілі тарихи жәдігерлер қойылған. Қадыр Мырза Әлиді сомдаған актер Жамбыл Заев ақынның ой-толғаныста отырған кейпін суреттеді.
Ескерткішіне гүл шоғы қойылған соң «Дәуір дарабозының» тойы «Атамекен» өнер ордасындағы мерекелік концертке ұласты. Онда өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы осы жылы Ақ Жайық атырабында мерейлі мерекелер қарсаңында мәдени-әдеби іс-шаралар көптеп өткенін айтты. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының құрылғанына 10 жыл толғанынан да атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айқындайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту қаламгер қауымының ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеті» деп атап өткен болатын. Қазақ руханиятының қазынасына өлшеусіз үлес қосқан Қадыр ақынның жұлдызы уақыт өткен сайын жарқырай бермек. Бүгін ортамызға ақынның ардақты жары Салтанат Қадырқызы, ұлы Ғазиз бен немерелері келіп отыр. Сіздерге Ақ Жайық жұртының айтар алғысы мол. Ақынның мол мұрасы – халқымыздың сарқылмас байлығы. Қадыр Мырза Әлидің әр жылдары жарық көрген 18 томдық шығармалар жинағы оқырман жүрегінен орын тапты. Бүгін ақынның торқалы тоқсан жылдығына орай «Қадырдың қанатты сөздері», «Жүрегіме жеткен жыр» деп аталатын екі бірдей кітаптың тұсауы кесілмек. Осы қос кітаптың жарыққа шығуына демеушілік еткен белгілі меценат, «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының құрылтайшысы Құндыз Нуповқа алғыс білдіремін. Тағы бір қуанышты жаңалық бар. Бүгіннен бастап ресми түрде «Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналы оқырманға жол тартпақшы.
Бұл басылым Ақ Жайық топырағынан түлеген ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен насихаттайтын рухани жаршысы болатынына сенемін. Қадыр Мырза Әли – өлеңімен де, азаматтық болмысымен де тәуелсіздігіміздің іргесін қалап, ұлтымыздың рухын көтерген қайраткер. Бүгінде ақын есімі облысымыздағы үш білім ұясы, алты көше, бір шағынаудан, сонымен қатар облыстық мәдениет және өнер орталығына беріліп, ел құрметінің мәңгілік белгісіне айналды. Оған қоса, Ақ Жайықтың қос алыбы Қадыр Мырза Әли мен Қазақстанның халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің бірлескен «Атамекен» туындысының жарыққа шықанына 55 жыл толды. Әттең тірі болғанда, Қадыр ағамыздың – 90, Ескендір атамыздың 85 жылдығын ел болып бірге тойлар едік. Бірақ тағдырдың жазуына көнеміз. Оларды сағынышпен еске аламыз.
Жыл басынан бері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған республика көлемінде 100-ге жуық іс-шара өтті. Ақынның 90 жылдығына орай мәдени кештер, алқалы жиындар әлі де жалғасуда, – деді өңір басшысы.
Нариман Төреғалиұлы Қадыр Мырза Әлидің жұбайы Салтанат Мырзалиеваға жылы лебізін жеткізіп, оған мерейтойлық төсбелгі табыс етіп, ұлттық шапан жауып, ақ орамал тарту етті. Салтанат Қадырқызы ақын туралы естеліктерін әңгімелеп, жиналған жұртшылыққа алғыс білдірді. Содан кейін облыс әкімі сүйіншілеген қос кітаптың лентасы қиылды. Нариман Төреғалиев пен Салтанат Мырзалиева «Қадырдың қанатты сөздері» кітабын, Ақұштап Бақтыгереева мен Құндыз Нупов «Жүрегіме жеткен жыр» кітабының лентасын қиды.
Мерекелік концерт барысында Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған әндер шырқалды. Сазды кеште Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері мен облысқа белгілі әншілер өнер көрсетсе, Дәулеткерей атындағы қазақ халық оркестрі шырқалған әуендерге әр беріп, сүйемелдеді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов жиын жайында пікір білдірді. «Биыл қазақтың үш ақынының туған күні. Ол – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли және Жұмекен Нәжімеденов. Осы үш ақынның қазақ әдебиеті мен поэзиясында өзіндік алар орны бар!» - деді Мереке Құлкенов.
Түстен кейін «Қадыр мұрасы – ұлттық баға жетпес рухани құндылық» деген атаумен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл алқалы басқосуды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқмасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев жүргізді. Аталмыш отырысқа құрметті қонақтар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, журналист, көсемсөз шебері Қайнар Олжай, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бойынша өкілі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов, профессорлар мен ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты. Белгілі публицист Қайнар Олжай өз баяндамасында Қадыр ақынның шығармашылығындағы шеберлік көпте кездесе бермейтінін айтты.
– Қадыр Мырза Әлидің «Домбыра» кітабы өте орнықты оймен, асқан тапқырлықпен қатталған. Жинақтың алдыңғы беті «Құлақ күйі» деген өлеңмен басталып, кейін түрлі бөлімдерге ойысады. Одан кейін «Үстіңгі шек» деген кітаптың бірінші бөлімі басталады. Онда адамгершілік, кісілік, өнер, достық тақырыбындағы тараулар бар. Сосын «Астыңғы шек» деп аталар екінші бөлімінде де барша құндылықты арқау етеді. Ең соңында «Тиек» деп аталатын қорытынды жазылған. Дәл осындай идеялық шеберлік көп ақында кездесе бермейді. Қадыр ақынның өлеңдерінен контрасттарды (қарама-қайшылық) жиі байқаймыз. Яғни, бұл – әдебиеттегі бір-біріне қарсы екі түрлі ұғым арқылы өлең мағынасын ашу. Контрастты негізге алып өлең өру де оңай емес. Бірақ Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов секілді ақын шығармашылығынан да байқауға болады. Қадырды зерттейміз десек, ол туралы әлі де молынан зерттеу жүргізу қажет, – деді Қайнар Олжай.
Зерттеушілер мен ғалымдар баяндамасынан соң «Қадыр» ғылыми-практикалық журналының лентасы қиылды. Басқарма басшысы Қуанышбек Жанболатұлы осында айтылған тың ақпараттар мен зерттеулер журналдың алдағы сандарында жарық көретінін жеткізді. Одан кейін «Қадыр сарайда» әуезді кеш ұйымдастырылды. Кеш барысында Қадыр Мырза Әлидің мол мұрасын насихаттауға сүбелі үлес қосқан азаматтар мерейтойлық медальдарға ие болды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»