Облыстық кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес пен қызметтер көрсету комитетінің отырысы өтті. Онда жеңілдетілген салық декларациялары үшін арнайы салық режімі мөлшерлемесін көтеру немесе төмендету мәселесі талқыланды.

Іс-шараны палата жанындағы ШОБ және қызмет көрсету салалық кеңесінің төрағасы Асқар Мерғалиев жүргізді. Отырысқа 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер арқау болды.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес жеңілдетілген салық декларациясы үшін арнайы салық режімінің (АСР) мөлшерлемесі – 4%. Бірақ жергілікті мәслихаттың депутаттары бұл мөлшерлемені 2%-дан 6%-ға дейін өзгерте алады. Басқосуда осы мөлшерлемені 2% және 3% деңгейінде белгілейік деген ұсыныстар айтылды. Кейбір сауда үстемелері 200-300% бизнес өкілдеріне мөлшерлемені көтеру жағы талқыланды. Мәселен, мейрамханада 0,5 литр минералды су 1000 теңгеге сатылады делік. Негізінде ол судың құны – 250 теңге. Яғни 300%-дан жоғары үстеме баға қосылған. Ал бір шағын дүкеннің тәуліктік айналымы 100 000 теңге болуы мүмкін. Қазір олар салықты 3%-бен (3000 теңге) төлейді. Комиссия мүшелері мұндай бизнеске АСР мөлшерлемесін 2%-ға түсіру жағын қарастырды.
«Біз жеңілдетілген салық декларациясы үшін арнайы салық режімінің мөлшерлемесін 2%-ға түсіруді ұсынамыз. Себебі кәсіпкерлердің көпшілігі қиыншылық көруде. Қазір елде инфляция күшейіп, халықтың сатып алу қабілеті төмендеді. Кәсіпкерлер өз қаражаттарына кәсіп бастап, табыс табады, отбасын асырайды, сәйкесінше салық төлейді. Арасында инвестор да болады. Мемлекет оларға ең болмаса салық саласында қолдау көрсету керек. Яғни кәсіпкер өз бизнесін аша алатындай жағдай жасалып, мемлекетке тәуелді болмағаны жөн», – деді «Тату» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының төрайымы Гүлбану Әубекерова.
Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Манарбек Қадырбековтың айтуынша, шаһарда 31 000 салық төлеуші бар. Оның ішінде 28 000 жеке кәсіпкер мен 4000-нан астам заңды тұлға арнайы салық режімін қолданады. Алдағы уақытта қалалық депутаттар мен бизнес өкілдері құзырлы мекемелердің басшыларының басын қосып, нақты ұсыныстарды ортаға салмақ.
Айна Имашева