Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында «Қыс мезгіліндегі қауіпсіздік қағидалары» атты брифинг өтті.
Баспасөз маслихатына БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Марс Отаров және облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Жедел құтқару жасағы» ММ бас құтқарушысы Алексей Еремеев қатысты.
Облысымыздың географиялық орналасуы бойынша қысқы мезгілде ауа райы суық аймақтарға жататыны мәлім. Сондай-ақ шаһарымызда күн күрт суығанда электр желілерінде мұздақтар қалыптасып, электр бағандарының құлауы, электр сымдарының үзілуі, жолдың мұздақ не қар басуы салдарынан жол-көлік оқиғасының орын алуы жиі кездеседі.
-Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тәртіп сақтау қызметі мен жергілікті полиция қызметкерлері елді мекендерде қасақана өрт қою фактілерінің алдын алу мақсатында 58151 тұрғын үйге шолу жүргізіп, 119 мыңнан астам тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізді. Республикалық маңызы бар 1392 км және облыстық маңызы бар 1758 км жолдарда 21 жылыту пункттері әзірленген.Жоспар бойынша 11000 т жуық инертті материал және 365 т жанар-жағармай қоры жасақталуда. Жалпы 228 қар басуы ықтимал жол телімдері анықталды. Облыс бойынша қыс мезгілінде төтенше жағдайларды жоюға 713бірлік техника, 1836 адам жұмылдырылады,- деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.
Баспасөз мәслихатына қатысушы сала мамандары журналистердің сауалдарына жауап берді.
Гүлсезім БИЯШЕВА