Бұл жайлы аудан әкімі Абат Шыныбековтің Елтай ауылдық округінің орталығында өткен есептік кездесуінде айтылды.
Кейінгі жылдары Елтай ауылдық округі көгілдір отынға қосылды. Мәдениет үйінің жөнделді. Ауыл ішінде абаттанудың да айшықты көріністері бар. Дегенмен округтегі жан басы мен мал басы жылма – жыл кему үстінде. Басшыны да, басқаны да осы мәселе қатты алаңдатып отыр. Әйтсе де Тасқұдық өңірі аудан бойынша ауылшаруашылық үшін аса қолайлы аймақ ретіндегі басымдығынан әлі айырылған жоқ. Осы игілікті игеретін адам болса, округтің ісі оңынан баса кететін сияқты көрінеді.
Есептік кездесуде Тасқұдық ауылының тұрғындары көп мәселе көтерді. Соның біреуі – жарықшам. Ауыл бойынша 33 жарықшам бар екен. Тұрғындардың жазбаша арызында осылардың дені жұмыс жасамайды деп шағымданады. Ауылдың тұрғындары Жаңылсын Ізбасова да, Асылбек Сақтағанов та бұл туралы айтқандай қылып айтты. Олар ауыл шетіндегі көлік аялдамасына да жарықшамның қажеті бар деп отыр. Ол ол ма, жанып тұрған бар жарықшамды жағып, сөндіретін жауапты адам да бекітілмеген. Тұрғындар бұл жұмыстар округ әкімдігінің құзіретінде де шешуге болатын шаруа деп санайды, әрі жаңағы салғырттықтарды округ әкімінің ұйымдастырушылық жұмысының төмендігінен деп есептейді. Ал округ әкімі Қыдыралин мырза мәселелердің техникалық кедергілерін алға тартады. Біз бұл мақаланы халықтың, не болмаса әкімнің тарабынан жазып отырғанымыз жоқ. Әңгіме қалай болды, солай жазуға түсірдік. Ал жаңағы жарықшам мәселесіне келетін болсақ, аудан әкімі Абат Шыныбеков мәселені алдағы айдың алғашқы онкүндігінде шешуді талап етті.
Жиналыстағы жарықшам мәселесі әрмен қарай жарық мәселесіне ауысты. Жаңа жыл басталғалы округ орталығында жарықтың сөну оқиғалары жиі тіркелген. Сырым аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Жұмағали Нөкеновтің айтуынша, Талдыбұлақ пен Тасқұдық ауылдарын қосатын қуаты 35 Кв электр тарату желілерінің әбден тозығы жеткен. Ақаудың бәрі осы себептен болып отырған көрінеді. Ақауды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде, ал желіні жөндеуден өткізу не жаңалау – ол әзірге арман ғана.
Тасқұдық ауылының тұрғыны Гүлсара Байқатова аудан әкіміне шалғай ауылда тұратын тұрғындардың аудан орталығында кешетін күйін баяндады. Ауданның орталығында әлі күнге автобекет жоқ. Жолаушылардың сол автобекеттің жұмысы ұйымдастырылса деген тілегі бар. Аудан басшысы бұл жұмыстың аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылғандығын айтты. Тоқетерін айтқанда, мәселе шешіледі. Шешілетін мәселе тек бұл емес. Округ орталығына дәрігер маман да тұрақты келіп тұратын болды. Мектептің жанындағы шағын орталыққа ойыншықтар да алып берілетін болды. Ауылішілік жолдарды күтіп ұстау үшін қаржы да бөлінетін болды. Бәрі де ретімен, жөнімен шешіледі. Қорыта айтқанда, Елтай ауылдық округіндегі бұл есептік жиын көп мәселенің шешілуіне ықпал еткен бір жиын болған сыңайлы.
Елтай ауылдық округінде өткен есептік жиналыста округтің учаскелік полиция инспекторы Мербол Мұқанғалиев таныстырылды. Округке дербес учаскелік полиция инспекторын тағайындау да – ел айтып жүрген мәселелердің бірі еді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы