Батыс Қазақстан облысында Энергетика саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға сала ардагерлері мен энергетика кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл саланың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

– «Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – энергетика саласы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Сіздер атқарып отырған жұмыстың игілігін әрбір отбасы, әр адам көреді. Әр үйге жарық пен жылу жеткізу – жауапкершілігі зор еңбек», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың энергетика қызметкерлеріне берген жоғары бағасын келтірді өңір басшысы.

Сондай-ақ Нариман Төреғалиев сала мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында өңірде энергетика саласын жаңғырту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты. Оның айтуынша, соңғы үш жылда жалпы құны 13 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылып, 6 мың шақырымға жуық электр желілері жаңартылды, екі жаңа қосалқы станция және екі өндірістік-жөндеу базасы салынды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 82 пайыздан 75,4 пайызға дейін төмендеді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосқан сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерді «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар бірқатар мамандар «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медаліне ие болды.

Энергетика саласы – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындарды жарық және жылумен қамтамасыз етудегі негізгі салалардың бірі. Сала қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.



Бекзат Қанәділ
zhaikpress.kz