15.01.2026, 16:45
Оқылды: 65

Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Жаңақала ауданы әкімдігінде «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру бағытындағы жиын өтті. Басқосуды аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев жүргізді. Жиында аудан прокуроры Қанабіл Төремұратов сөз алып, «Қауіпсіз өңір» пилоттық жобасының маңызы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында әлеуметтік желілерде ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Алдағы уақытта TikTok желісінде арнайы парақша ашылып, тұрғындарға заңдылықты насихаттайтын материалдар тұрақты түрде жарияланып отырады.

WhatsApp Image 2026-01-15 at 16.26.22

Қаңтар айында аудан көлемінде «Халық заңгері» акциясын өткізу жоспарланған. Бұл шара барысында азаматтарға тегін құқықтық кеңес беру, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін тыңдау көзделіп отыр.
Прокурор құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы негізгі мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, қайталама қылмыстың алдын алу, жасөспірімдер арасында қылмыстың болмауын қамтамасыз ету, мал ұрлығы мен жол қозғалысы қауіпсіздігі, маргиналды жастармен жұмыс, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс жасауы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрландыруды дамыту, буллингке қарсы күрес, қолайсыз отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу, бос тұрған ғимараттардың қараусыз қалмауы секілді маңызды бағыттарға басымдық берілді.
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Ержан Мәкішев өткен жылы ауданда қылмыс деңгейі 19,7 пайызға азайғанын мәлімдеді. Бұл нәтижені одан әрі жақсарту үшін жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев құқық қорғау саласын қолдауға бағытталған бірқатар нақты шараларды атады. Полиция бөліміне радар құрылғысы сатып алынып, күре жолдарға жылдамдық өлшейтін қондырғылар орнатылатынын айтып өтті. Сонымен қатар жолдардың сапалы күтіп ұсталуы, жол бойында малдың бей-берекет жүруі мәселелері қатаң бақылауға алынатынын да тілге тиек етті.
Аудан басшысы прокуратура көтерген ұсыныстар мен мәселелерге толық жауап беріп, барлық жұмыс нақты желілік кесте бойынша атқарылуы тиіс екенін тапсырды. Жастар ресурстық орталығының жұмысын жандандыру, «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыру, ішімдік ішпейтін үлгілі ауылдарды анықтап, тәжірибені кеңінен тарату бағытында да нақты міндеттер жүктелді.
Жиын соңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет екені атап өтіліп, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді.

Сыйлыхан Талапұлы,

Жаңақала ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале