9.02.2026, 15:15
Оқылды: 25

Адал полицей – халық сенімінің тірегі

Қазіргі заманда полиция қызметінің рөлі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Себебі қоғамда түрлі жағдайлар, қылмыстар, дау-дамайлар болып жатады. Осындай кезде ең бірінші көмекке келетін – полиция қызметкерлері. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында полицияның халыққа қызмет көрсететін орган болуы керектігін, оның бейнесі әділ әрі адал қызметкермен байланысты болу қажет екенін айрықша атап өтеді. Бұл – бүгінгі полицияға қойылған үлкен талап.

WhatsApp Image 2026-02-09 at 16.20.01

Полиция қызметкері – жай ғана маман емес, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ел тыныштығын күзететін адам. Сондықтан полицей ең алдымен адал болуы керек. Адал полицей өз жұмысына жүрдім-бардым қарамайды, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ол заңды мықтап ұстанып, ешкімге әділетсіздік жасамауға тырысады. Өз пайдасын ойламай, халықтың мүддесін қорғай білу – нағыз адал полицейдің басты қасиеті.

Полиция қызметіне келген адам тек күшті, батыл ғана емес, білімді және білікті болуы шарт. Ол заңды жақсы білуі керек, себебі кез келген шешімді заңға сүйене отырып қабылдайды. Сонымен қатар полицейге сабырлылық, төзімділік, мейірімділік те ауадай қажет. Күн сайын түрлі адамдармен кездесіп, түрлі мінез-құлыққа тап болған полицей әр жағдайға ұстамдылықпен қарап, дұрыс шешім таба білуі керек. Халықпен тіл табыса алу, мәдениетті болу – адал полицейдің адамгершілік қырын көрсетеді.

Кейде қоғамда полиция туралы кері пікірлер айтылады. Бірақ шын мәнінде, біреудің басына қиындық түскенде, жоғалған зат табылмай қалғанда, жол қауіпсіздігі бұзылғанда немесе қауіп төнгенде бәріміз полицияға жүгінеміз. Сонда біз адал, әділ, шыншыл полиция қызметкеріне үміт артамыз. Егер полицей өз міндетін дұрыс атқарып, әділ болса, халық та оған сенеді, құрметтейді. Демек, полиция беделі ең алдымен олардың өз әрекетіне, мінезіне, халықпен қарым-қатынасына байланысты.

Адал полицей – тек қылмыспен күресуші ғана емес, қоғамға үлгі болатын тұлға. Оның әрбір сөзі мен ісі жастарға тәрбие, үлкендерге сенім береді. Ол ел үшін еңбек етіп жүрген нағыз батыр. Полиция формасын тек киіп жүру жеткіліксіз, сол форманың абыройын сақтап, мемлекетке, халыққа адал қызмет ету – ең үлкен міндет.

Қорыта айтқанда, адал полиция қызметкері – халықтың қорғаны, ел тыныштығының кепілі. Осындай адал, әділ, білікті, жауапты полицейлер қаншалықты көп болса, қоғам да соншалықты қауіпсіз, сенімді және тұрақты болады. Бүгінгі талап – дәл осындай сапалы, халыққа жақын, адал полицияны қалыптастыру. Халық пен полиция арасында сенім болса, елімізде тәртіп те, әділдік те әрдайым үстемдік етеді.

Нұрмахан Жалғасов, 

БҚО ПД бастығының орынбасары 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале