17.02.2026, 9:20
Оқылды: 16

ШАРУАСЫ ШИРАҚ ШОЛАҚАҢҚАТЫ

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Жиналысқа Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және бірқатар сала басшылары қатысты.

PHOTO-2026-02-16-11-59-37

PHOTO-2026-02-16-11-59-37 (1)

Бұл округте шаруашылық ширап, әртараптанып келеді. Былтыр шолақаңқатылық шаруалар техникалық парктарын жаңартып, 7 жаңа трактор алған. Lovol - дар мен Semaz YTO-NLX қазір малшыларға көмекші, ертең көктемгі далалық жұмыстарда да дүбір салайын деп тұр.

Округте балық шаруашылығы да дамып келеді. Бұл бағытта негізінен “Аят” жеке кәсіпкерлігі мен «ToganasAgro» ЖШС еңбектенуде. 

Сегізүй ауылындағы «Аят» жеке кәсіпкері жалға алынған жасанды тоғанға 10 мың тұқы (карп), 500 дана жайын (клариевый сом) және бекіре тұқымдас балықтардың 180  шабағын жіберді. Балық шаруашылығын әрі қарай дамыту мақсатында 4,0 млн. теңге қаражатқа жасанды су қоймасын жасады.

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев кездесу барысында округ үшін өзекті саналатын үш негізгі мәселені атады.

Бірінші – жол мәселесі.

Ауыларалық және ауылішілік жолдардың жай-күйі тұрғындарды алаңдатып отыр. Тоғанас бағытына трасса тартылғанымен, Құспанкөл мен Аңқаты елді мекендеріне баратын жол әбден тозған. Жол сапасы тұрғындардың қатынасына, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне және шаруашылық жұмыстарына тікелей әсер етеді.

Екінші – тазалық және ауыл келбеті.

Округ аумағында заңсыз күл-қоқыс төгу орындарының пайда болуы – күрделі мәселелердің бірі. Сонымен қатар бұзылған үйлер мен қаңырап тұрған ғимараттар ауылдың сәулеттік келбетін бұзып тұр. Бұл бағытта санитарлық тазалықты күшейту, рұқсатсыз қоқыс төгуді тоқтату және ескі нысандардың орнын ретке келтіру қажет. 

PHOTO-2026-02-16-12-45-31

Бағымсыз мал мәселесі де өзінің кері салдарын тигізбей қоймайды.

Есептік кездесуде тұрғындар Аңқаты су қоймасын шаруашылық игілігіне пайдалану, айдынға көлемді су шығару туралы ұсыныстарын айтты. 

Сауалға “ҚазСуШар”мекемесі басшысының орынбасары Талғат Қажғалиев жауап берді. Айтуынша, су қақпалары белгіленген тәртіп бойынша жұмыс жасап тұр.

Шолақаңқатыдағы сүйінші жаңалық, Құспанкөлде мектеп құрылысы басталды. Бұл - бірлігі бекем ауылдың жеңісі. Жобаның құны 993 миллионды құрайды.

Кейінгі кезде ауыл ішінде округ орталығындағы мектеп жабылып, оқушылар жаңа мектепте оқиды деген негізсіз ақпарат тарады. 

Ел ішіндегі дүрбелеңге қатысты Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов түсініктеме берді. Шубин білім үйі өз жұмысын тоқтатпайды. Бұл мектеп те алдағы уақытта жөнделеді. 

Жиында елдегі саяси оқиғалар - Конституциялық реформаның мәні, ҚР Салық кодексіндегі өзгерістер туралы айтылды. Салық заңнамасына қатысты жаңалықтармен Сырым аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Гумаров таныстырды. 

Кездесуді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылады. Кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 

Қоңдыкер ЕЛЕУОВ, 

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале