Казталов ауылында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты аудандық түсіндіру жұмыстары аясында коалиция мүшелері бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ауыл ардагерлері және аудан спортшыларымен мазмұнды басқосулар ұйымдастырылды.

Алдымен ел ағалары – ардагерлермен кездесу өтті. Ардагерлер – ел тарихының тірі куәсі, өнегелі өмір жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі болатын буын. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасына енгізілетін негізгі өзгерістер, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, демократиялық құндылықтарды дамыту бағытындағы реформалардың мәні жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұсынған «Әділдік, Заң және Тәртіп» қағидаттарының қоғам тұрақтылығы мен ел дамуына қосар үлесі ерекше атап өтілді. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында ардагерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдіріп, сауалдарына нақты жауап алды.

Сондай-ақ аудан спортшыларымен де кездесу ұйымдастырылды. Жастар – ел ертеңі, ал спортшылар – аудан намысын қорғап жүрген белсенді буын. Басқосу барысында конституциялық реформалардың маңызы, заң үстемдігі мен әділ қоғам құру жолындағы бастамалар кеңінен түсіндірілді. Спортшылар тарапынан да белсенділік танытылып, ел болашағына қатысты пікірлер айтылды.

Жиындар барысында 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның ел болашағы үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға екені ерекше атап өтілді. Мұндай кездесулер халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен ашық диалог орнатуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірге талқылауға және ортақ мақсат жолында бірігуге мүмкіндік береді.
Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданар сәтте әр азаматтың белсенді ұстанымы – жарқын болашақтың кепілі.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы