
Аудан аумағында суару жүйелерін ретке келтіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Карачин каналы мен оған жалғасатын магистралды арналарды тазарту ісі биыл қарқынды қолға алынды. Осы жұмыстарды бақылаудан түсірмей отырған аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев Чапаев ауылы тұсында тазарту жұмысымен танысты.
Карачин каналы Бударин магистралды каналынан бастау алып, Чапаев ауылына дейін созылады. Былтыр каналдың 16 шақырымы тазартылған. Алайда ауа райының күрт жылынуына байланысты су ерте жіберіліп, кей тұстарды тазартуда қиындықтар туындаған. Биыл сол кедергі келтірген учаскелер қайта қаралып, тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда екі экскаватор нысан басында, арнаның табанын тазалап, тайыз жерлерін тереңдетуде. Жұмыстарды «ҚазСуШар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Киров учаскесінің басшысы Тұрымбек Байсеновтің жетекшілігімен мамандар атқаруда.
Ауқымды бұл іс тұрғындардың ұсынысын назарға алған аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – көктемгі егіс пен бақша жұмыстары басталған кезде суды уақтылы жеткізу. Су ағыны ауа райына байланысты реттеліп, Бударин магистралды каналындағы бас қақпа арқылы қажетті мөлшерде жіберіліп отырады.
Айта кету керек, Карачин каналы бүгінде республикалық балансқа беріліп, «Жайық–Көшім» суару жүйесі арқылы «ҚазСуШар» мекемесінің қарауына өткен. Өткен жылы кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, жаңа техникалармен толықтырылып, су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау мүмкіндігі артқан.
Биыл аудан бойынша «Соқыр», «Вологин» секілді бұрын толық тазартылмаған каналдарды қалпына келтіру жоспарланып отыр. Сандарды сөйлетсек, жалпы ұзындығы 100 шақырымға жуық су арналары тазартылады деген сөз. Сонымен қатар, Бударин және Первомай магистралды каналдарының қақпаларын қайта жаңғырту жұмыстары да күн тәртібінде тұр.
Мамандардың айтуынша, Карачин каналы осыдан төрт жыл бұрын тазаланғанымен, уақыт өте қайтадан тайыздалып, су өткізу қабілеті төмендеген. Осы жұмыстар уақытында аяқталса, аудан орталығын техникалық сумен толықтай қамтылады.
Нұрбек Ихсан