18.04.2026, 12:00
Оқылды: 23

БАЛДӘУРЕН – ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖҮЛДЕСІ

Жуырда аудандық мәдениет үйінде аудандық «Балдәурен–2026» балалар шығармашылығы фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Балғын өнерпаздардың басын қосқан бұл байқау – олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды мәдени шара болды.

WhatsApp Image 2026-04-14 at 09.26.57

Алдымен қатысушылар іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп, үздіктер гала-концертке жолдама алды. Қорытынды кеште сахна төрі нағыз өнер алаңына айналып, әрбір жас талант өз мүмкіндігін барынша паш етуге тырысты. Бұл күні балалар тек бақ сынап қана қоймай, өз армандарына бір қадам жақындай түсті.

Фестиваль барысында қатысушылар эстрадалық вокал, халықтық музыка, хореография, поэзия, жыр айту және аспаптық орындау жанрлары бойынша өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама ұлттық нақыш пен заманауи бағыттың үйлесімімен ерекшеленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш шымылдығы Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблінің «Дала қызықтары» биімен ашылды. «Гүлдер» би тобы «Ковбой» биін, «Арай» би тобы «Шашу» биін орындады. Ән жанрында «Рахмет саған туған ел», «Анамның тілі», «Аққұсым» әндері шырқалды. Сондай-ақ Мұхит Мерәліұлының «Демалыс», «Үлкен айдай» әндері де орындалды.

WhatsApp Image 2026-04-14 at 09.27.18

Аспаптық жанрда Дина Нұрпейсованың «Әсем қоңыр», Махамбеттің «Жауға шапқан», Құрманғазының «Адай» күйлері шебер орындалып, ұлттық өнердің құдіреті кеңінен насихатталды. Сонымен қатар баян аспабында «Илигай» халық әні мен «На сопках Маньчжурии» шығармасы көрерменге ұсынылды.

Поэзия жанрында Қасым Аманжоловтың «Өзім жайлы», Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» өлеңдері оқылса, сахналық қойылым ретінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» шығармасынан монолог қойылды. Жыр-терме жанрында «Жыр бастау» орындалып, дәстүрлі өнер сабақтастығы көрініс тапты.

Кештің шарықтау шегі – барлық қатысушылардың қатысуымен өткен «Балдәурен» әні болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша қазылар алқасы әр жанр бойынша үздіктерді анықтады.

Халықтық музыка жанры бойынша:

І орын – Орынбасар Аңсар (Ақжайық ауылы)

ІІ орын – Амантаева Айкүн (Подстепный ауылы)

ІІІ орын – Мусин Мирамбек (Пойма ауылы)

Баянмен ән орындау жанры бойынша:

І орын – Аманғали Ақарыс (Теректі ауылы)

ІІ орын – Сабырғали Мариям (Теректі ауылы)

Көркем сөз жанры бойынша:

І орын – Әнуар Айым (Теректі ауылы)

ІІ орын – Темірболат Ислам (Ақжайық ауылы)

ІІІ орын – Гилимова Манура (Шағатай ауылы)

Домбырамен ән салу жанры бойынша:

І орын – Мұса Ерасыл (Долин ауылы)

ІІ орын – Досжанова Ясмин (Подстепный ауылы)

Жыр айту жанры бойынша:

І орын – Жанбота Мадина (Теректі ауылы)

Хореография жанры бойынша:

І орын – Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі (Теректі ауылы)

ІІ орын – «Гүлдер» би тобы (Аңқаты ауылы)

ІІІ орын – «Арай» би тобы (Шағатай ауылы)

Вокал жанры бойынша:

І орын – Жәдігер Айлита, Идият Айару (Жаңа Өмір ауылы)

ІІ орын – Боранбек Асылназ, Мұратжан Лағыл (Подстепный ауылы)

ІІІ орын – «Әсем-ай» триосы (Ақсуат ауылы)

WhatsApp Image 2026-04-14 at 09.31.36

Фестивальге тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар құрамында Теректі балалар музыка мектебінің директоры, халықаралық және республикалық байқаулардың бас жүлде иегері, педагог-зерттеуші Азамат Калиев, облыстық және республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Лаура Мұханбетжанова, облыстық халық шығармашылығы орталығы жанындағы үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблінің жетекшісі Мирамгүл Дүйсенғалиева, халықтық «Дат» театрының режиссері Әділбек Қожабеков, аудандық мәдениет үйінің баяншысы Бақдәулет Жасбун және аудандық мәдениет үйінің әншісі Наргиза Сулейменова болды.

Шара соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Байқау ережесіне сәйкес І орын иегерлері облыстық кезеңге жолдама алды.

Кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мәдениет үйі лық толды. Жас өнерпаздардың өнері көпшіліктің көңілінен шығып, әсерлі де есте қаларлық мерекеге айналды.

«Балдәурен-2026» фестивалі – балғын таланттардың үлкен сахнаға сенімді қадам басуына жол ашқан тағылымды әрі шабытты шара болды.

 

Әдемі Талғатқызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале