2026 жылғы 18–19 сәуір күндері Орал қаласында өткен «Көктем CUP» аймақтық турнирінде 2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Сырым футзал мектебінің командасы үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.

Аталған жарысқа «Алан», «Бәйтерек», «Легион», «Жеңімпаз» футбол мектептері мен Теректі ауданынан келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнир барысында Сырым командасы тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарына лайықты қарсылық таныта білді.
Топтық кезеңде жерлестеріміз Теректі ауданы құрамасымен 1:1 есебімен тең түссе, «Жеңімпаз» командасын 4:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда «Алан» футбол академиясынан 2:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Шешуші ойында «Легион» командасымен кездескен Сырым футзал мектебінің шәкірттері 5:1 есебімен турнир жеңімпазы атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша команданың ойыншысы Гельман Нұрәділ «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
Ұйымдастырушылар мен жаттықтырушылар жас спортшылардың жетістігіне қолдау білдірген ата-аналарға алғысын білдіреді.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы