Казталов ауданында сегіз айда 12 млрд 836 млн теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестициялар – 10 млрд 705 млн теңге.

Ауыл шаруашылығы
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Негізгі міндет – кіріс көлемін арттыру, жеке инвестиция үлесін ұлғайту және жоспарланған жобаларды уақтылы іске асыру. Биыл бекітілген бюджет – 6,5 млрд теңге. Ауданның өз кірістері 3 млрд 144,9 млн теңге көлемінде бекітіліп, былтырмен салыстырғанда 20,6%-ға артты. Сегіз айда 2 млрд 43 млн теңге түсім түсіп, жылдық жоспардың 65%-ы орындалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 283,7 млн теңгеге артық.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылмен салыстырғанда мал басының өсімі байқалады. Атап айтқанда, ірі қара мал 13,5%-ға, ұсақ мал 2,2%-ға, түйе саны 4,7%-ға артып, тек жылқы саны 2%-ға азайған. Биыл 11 шаруа қожалығы 840 гектарға біржылдық және көпжылдық екпелі шөп еккен. Жеке тұрғындар, шаруа қожалықтары мен ұжымдар бау-бақша егуді қолға алған.
Алдағы мал қыстағына 316,5 мың тонна жем-шөп қажет. Қазіргі таңда 386 мың тонна шөп, 600 тонна сүрлем, 1 100 тонна жем дайындалған, шөп шабу науқаны жалғасуда. Мал шаруашылығын дамытуда ветеринария қызметінің де әлеуеті басты басымдыққа ие. Биыл екі мал қорымы мен үш ветеринариялық учаске пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тағы алты мал қорымы мен 8 ветеринариялық учаске салынып жатыр.

Ауданда Ислам даму банкінің қолдауымен жыл соңына дейін Қараөзенде су қоймасының құрылысы басталады. Нысанның сыйымдылығы – 28,4 млн текше метр. Нысан іске қосылғанда 12 мың гектар көлтабанды алқапқа су шығады. Аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлының айтуынша, елді мекендерде техникалық су қорын жақсарту бағытында тиісті жұмыс жүргізілген. Әжібай ауылындағы канал тереңдетіліп, Хайруш ауылында жаңа көбік қазылды, ал Оразғали ауылына техникалық су желісі тартылды.
Кәсіп – нәсіп
– Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 20 жеке кәсіпкер мен 8 кооперативке 457,2 млн теңге несие берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Ал жыл басынан бері ауданда жалпы құны 650 млн теңгені құрайтын 6 кәсіпкерлік ашылып, 21 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 400 млн теңгеге 3 кәсіпкерлік нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жобалар жүзеге асса, қосымша 13 адам тұрақты жұмысқа тұрады. Ауданнан шыққан кәсіпкерлермен және инвесторлармен кездесулер тұрақты ұйымдастырылуда. Биыл Астана мен Алматыда осындай кездесулер өткен еді. Нәтижесінде екі жеке кәсіпкерлік, 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік ауданға тіркелді, – деді Асланбек Сарқұлов.
Казталов ауданының аумағы – 1 млн 860 мың гектар. Биыл аумағы 4121 гектар 10 жер учаскесі конкурс арқылы жер пайдаланушыларға берілген. Ал аумағы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған 4876 гектар 10 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл басынан бері аудан аумағында кәсіп ашқысы келген азаматтарға 54 млн 613 мың теңгеге 39 жер учаскесі сатылды.
Әлеуметтің әлеуеті
Биыл азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 495 млн теңге қаражат бөлініп, 1004 адам жұмысқа тартылды. «Өңірлік карта» бағдарламасы аясындағы үш жоба бойынша 21 адам жұмысқа орналастырылған. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарындағы 1309 адамға 83 млн 981 мың теңге төленді. Ал 48 отбасына 16 млн 816 мың теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бір айта кетерлігі, 16 ауылдық округтің арасында 6 округте атаулы көмек алушылар мүлдем тіркелмеген.
Жастар тәжірибесіне жолданған 70 жастың төртеуі тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 16 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алса, 402 адам «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен білім алып, мамандықтар меңгерген. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға бекінген 12 адам 12 млн 640 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 20 маманға 280 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілуде. Ал 60 маманға 26 млн теңге көтерме жәрдемақы берілді. «Жасыл ел» еңбек жасағына 43 жас жұмысқа тартылды.
Аудандағы кезек күттірмес мәселенің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгіндері тұрғын үй кезегінде 1276 адам тұр. Мемлекеттік бағдарламалар ауқымында соңғы үш жылда 47 елді мекеннің 33-інде 292 үй салынған. Оның 98-і бұзылған үйлердің орнында бой көтерді.
Жыл басынан бері аудан оқушылары пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде – 2, облыстық кезеңде 8 жүлделі орын алды. Оқу жылының ең айтулы жетістіктерінің бірі – Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің екінші мәрте елдегі «Ең үздік 100 олимпиадалық мектептің» қатарына енуі.
– Білім сапасының тұрақты өсуімен қатар, педагогтердің сапалық құрамын арттыруға да ерекше көңіл бөлінді. Дарынды оқушыларды ынталандыру мақсатында жеңімпаздарға ноутбуктер мен бағалы сыйлықтар табысталуда. Республикалық және халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің жетекшілеріне І орын үшін – 1 млн теңге, ІІ орынға – 700 мың теңге, ІІІ орынға – 500 мың теңге көлемінде сыйақы беру тәжірибесі енгізілді. Соңғы жылдары ауданымыздың үздік ұстаздарын қолдау мақсатында шаруа қожалық жетекшілері де үлестерін қосып, мал азығымен қамтуды дәстүрге айналдырып келеді, – деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.
Жыл басынан бері ауданға 14 дәрігер мен орта буын медицина қызметкері жұмысқа келген. Аудан орталығында салынып жатқан көпбейінді аурухананың құрылысы жыл соңына аяқталмақ.
Мәдениет саласындағы жарқын істің бірі ретінде 2023 жылдан бері өтіп келе жатқан «Мен оқыған 30 кітап» тағылымды жобасын айтуға болады. Алғашында аудандық деңгейде басталған рухани-танымдық жоба бүгіндері республикалық деңгейге көтерілді. Осы аралықта 4 аудандық, 2 облыстық және 1 республикалық кезең ұйымдастырылды.
Әр сәбиге – 200 мың теңге
Ауданда Казталов, Қошанкөл, Қайыңды ауылдарының ауылішілік жолдары және Талдыапан ауылына кірмежол салынып жатыр. Аудандық бюджет есебінен Жұлдыз ауылында жаяу жүргіншілер жолы салынды, енді Көктерек ауылында басталады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 26 рет сенбілік өткен. Полигондарға 102 тоннадан астам тұрмыстық қалдық тасымалданып, 2600 түп көшет отырғызылған. Казталов ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына электр желісі тартылды. Ал Жалпақтал ауылындағы ҚТҚ полигонының аумағы қоршалуда.
«Туған жерге тағзым» жобасы аясында ауданда жыл сайын түрлі жобалар жүзеге асуда. Биылдың өзінде 14 ауылдық округте құны 161,5 млн теңге 23 жоба орындалды.
Асланбек Сарқұловтың айтуынша, соңғы үш жылда 13 ауылда шағын футбол алаңдары жөнделіп, төсеніштері жаңартылды. Түрлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар халықаралық жарыстарда 6 алтын, 6 күміс, 11 қола, республикалық жарыстарда 13 алтын, 9 күміс, 15 қола медаль иеленді. Айбын спорт клубы жанынан ұлттық спорт бөлімі ашылды.
2024-2026 жылдар аралығында «Қаладан – ауылға» жобасы аясында 16 ауылға 54 отбасы, 287 адам көшіп келген. Олар баспаналы болып, азаматтар жұмысқа тұрған. Ауыл тұрғындарының қолдауымен әр отбасыға бұзаулы сиыр мен 10 қой-ешкі берілуде. Жыл аяғына дейін сегіз отбасы көшіп келуге ниет білдіріп отыр.
– Ауылдың дамуы ең алдымен сол елді мекендегі тұрғындардың белсенділігіне, ауызбіршілігіне және жергілікті мәселелердің дер кезінде шешілуіне тікелей байланысты. Осы бағытта ауданымызда ауылнайлар институтының маңызы артып келеді. Сатыбалды ауылының ауылнайы Руслан Сарбаевтың бастамасымен биылдан бастап ауылда дүниеге келген әр сәбиге 200 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету дәстүрі қолға алынды, – деді аудан басшысы. Аудандағы елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасуы ауылдық округ әкімдіктерінің материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде нығайтуды талап етеді. Осы бағытта биыл сегіз әкімдікке жаңа қызметтік аутокөлік табысталды. Осылайша аудандағы барлық округтің әкімі көлікті болды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»