13.10.2026, 16:00
Оқылды: 8

Су мамандары да бағдарлама игілігін көреді

Былтыр су шаруашылығы мамандықтары «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тізбесіне енгізілді.

халин

– 2025 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасы ашылды. Осылайша су шаруашылығы саласына кадрларды жергілікті жерде даярлау мүмкіндігі кеңейді. Былтырдан бері он бір маман Қытай Халық Республикасында және Ресей Федерациясында біліктілігін арттырды. Біздің кәсіпорында 3 жоғары оқу орнының 33 студенті өндірістік практикадан өтті. Студенттер дәнекерлеу ісі, электрмен жабдықтау, жол-құрылысы және көтеру-тасымалдау техникасы бағыттары бойынша өндірістік тәжірибе жинақтады. Жас мамандар аудан-ауылдарға жұмысқа барып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көре алады.  Бұл жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, саладағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мекеменің жұмысын баяндаған «Қазсушар» РМК БҚО филиалы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Данияр Халин.

Былтыр ұзындығы 705,7 шақырым 35 канал мен аумағы 51,3 мың гектар 17 суару учаскесі облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінен кәсіпорын теңгеріміне өткен. Бүгінгі күні Барбастау өзені бойындағы 4 су қоймасы (Покатилов, Ұзынкөл, Жаңа-өмір, Кемер) коммуналдық меншіктен республикалық меншікке ауысты. Су қоймаларымен қоса, оларды қайта құру бойынша 4 жобалық-сметалық құжаттама да берілген. Жобалардың жалпы құны – 4,3 млрд теңге.

Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі өңірдің бес ауданын сумен қамтиды. Жыл басынан бері мұнда 539 млн текше метр су кіріп, көктемгі  уақытта лиманды суармалы және жайылымдық жерлерге су берілді. Мұндағы су қоймаларының 53,5%-ы толған. Жайық өзенінде орналасқан қалқымалы-сорғы станса көмегімен су берілуде. Ал Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне  көктемгі тасқын су кезеңінде 33,224 млн текше метр су келген.

WhatsApp Image 2026-10-13 at 13.57.49

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес оңтүстік аудандарды сумен қамту үшін жыл сайын республикалық бюджеттен Еділ суын тасымалдау шығындары өтеледі. Биыл осы мақсатта бюджеттен 5,853 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 103,4 млн текше метр су тасымалдауға  келісімшарт  жасалды.

Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыста 148 іс-шара жоспарланған. Мысалы, Жалпақтал су қоймасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Жоба құны – 8,2 млрд теңге. Енді мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүруде. «Қазсушар» облыстық филиалы «Жәнібек магистральды каналының реконструкциясы» жобасын іске асыруды бастады. Жоба құны – 4,6 млрд теңге. Былтыр 1,2 млрд теңге игерілді. Қайта жаңғыртыла бастаған Жайықбай каналындағы жұмыстың құны – 1,7 млрд теңге. Тайпақ,  Айдархан, Сәңкібай каналдарын қайта құру жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген. Жоба құны әр түрлі, Тайпақ каналы – 5,3 млрд теңге, Айдархан – 1,8 млрд теңге және Сәңкібай – 2,471 млрд теңге. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған Бітік су қоймасын қайта құру жобасының құны – 4,3 млрд теңге. Барбастау өзені бойындағы 4 су қоймасын қайта құру жобаларының құны 4,3 млрд теңгеге бағаланып отыр. Кешенді жоспарға сәйкес облыстағы 20 лиманды суару жүйесін реконструкциялау көзделген. Оның ішінде Ақжайық ауданындағы 16 лиманды учаске мен Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты суару-суландыру жүйесі бар.

Елді мекендерге жақын өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерін санациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бар. Соған сәйкес Жайық – Көшім суару-суландыру жүйесінің су өткізу қабілетін арттыру  үшін Көшім каналы (22 км) мен Шаған арнасын (46,8) механикалық тазарту жобасы іске асуда. 2023 жылы басталған жұмыс барысында 1,3 млрд теңге игеріліпті. Ислам даму банкінің 1-траншы есебінен Жайықбай каналын қайта құру басталды. Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Ендігі кезекте Жалпақтал су қоймасының құрылысы тұр. Данияр Халиннің айтуынша, биыл «Қазсушар» филиалының нысандарынан судызаңсыз пайдаланудың 14 фактісі анықталған. Оның алтауы Ақжайық ауданында, біреуі Жәнібекте, ал қалғаны Орал қаласында белгілі болған. Суды заңсыз пайдаланғандарға 2,5 млн теңгеге айыппұл салынды.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале