Бүгін «Атамекен» концерт залында жалпы ұжым жиналысы өтті.

Жиынға Орал қаласы әкімі Мұрат Байменов арнайы келіп, Қала күні қарсаңында өткен «Жайық сазы» этнофестивалінің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының директоры Бауыржан Ергенұлына алғыс білдіріп, өз атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Аталған фестивальде өнер көрсеткен бірқатар әріптесімізге шаһар басшысы алғысхат табыстады.

Жиын барысында мекеме басшысы Бауыржан Ергенұлы филармонияның 60 жылдық мерейтойы аясында атқарылатын ауқымды жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған маңызды міндеттерге тоқталды.

Өз кезегінде Бауыржан Ергенұлы филармония ұжымының бірқатар әртісін дәстүрлі ән айтудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартуға арналған жобада белсенділік танытқаны үшін БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхатпен, «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрайымы С. Иманқұлованың Құрмет грамотасы және алғысхатымен, облыстық филиалының төрағасы А. Батырхановтың алғысхатымен, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов пен өз атынан алғысхатпен марапаттады.

Одан бөлек, бірқатар әріптесіміздің өңіріне «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі тағылды.
Сондай-ақ мерейлі жас иелері мен бүгінгі туған күн иелерін, бүгінгі кәсіби мереке иелері — Кадр қызметкерлері күнімен әріптестерді құттықтап, естелік сыйлық тарту етті.

Өнерге құрмет ұлықталып, еселі еңбек еленген, абырой мен алғыс тоғысқан тағылымды басқосу ұжымға шабыт сыйлап, өз мәресіне жетті.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі