Пугачев ауылында ауыл күніне арналған мерекелік концерт өтті.

Ауыл тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан тағылымды шара туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, ауылдың бірлігі мен ынтымағын дәріптеуге арналды. Ауыл әкімінің бастамасымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп жатырған шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның шымылдығы «Ерке сылқым» би ансамблінің өнерімен ашылды. Ақтөбе қаласында өткен «Жарық жұлдыз» байқауында бас жүлдені иеленіп, ауыл мерейін асқақтатқан өнерпаздар көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Мерекелік концерт барысында ауыл өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтті.

Шара барысында ауыл әкімі Мереке Изтелеуов тұрғындарды ауыл күнімен құттықтап, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ ауыл өміріндегі маңызды жетістіктерге тоқталып, елді мекеннің дамуына атсалысып жүрген жандардың еңбегіне құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар аудандық лигада екінші жыл қатарынан үздік атанып жүрген ауылдық округінің футбол командасы марапатталып, ел атынан ақшалай сертификат табысталды.

Жылдағы дәстүрге сай ауылдың көркін кіргізіп, ауласын абаттандыруда аянбай жүрген ауыл тұрғындары арасында өткізілген “Үздік аула” сайысы қорытындыланды. Жүлдегерлерді ауыл әкімі құттықтап, ақшалай сыйақы табыстады.
Ұлттық ойындар да ұмыт қалмай, балалар асық атып, мергендігін көрсетті. Құрыш білектілер қол күресінен кім мықтыны анықтаса, дәті жеткен мықтылар қой көтеріп, арқан тартып, сынға түсті.
Тойдың сәнін келтіріп, көпшіліке қолдың өнімдерінен жәрмеңке де ұйымдастырылды. Қазақы салтпен қазан көтеріліп, той тойлай келген ауылдық ағайынға бауырсақ үлестірілді.
Туған жердің қадірін ұғындырып, елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтайтын, тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын ерекше мереке ауыл тұрғындарының арасындағы ынтымақты нығайтып, кейінгі ұрпақтың туған өлкеге деген құрметін арттыра түсті.

Мерекелік концерт көтеріңкі көңіл күймен өтіп, ауыл тұрғындарына ұмытылмас әсер сыйлады.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы