9.10.2026, 11:15
Оқылды: 8

Шәкіртіне шуақ шашқан Шарабасов

Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, жазушы  және қоғам қайраткері Серікқали  Шарабасов бүгінде көзі тірі болса, 80 жасқа толар еді. Жақында ғалымның көзін көргендер жиналып, «Әдеби шаңырақ» жобасы аясында «Сөз сардары, нар тұлға – Серікқали Шарабасов» еске алу кешін өткізді. Рухани кездесуге  жиналғандар қатарында Ақ  Жайықтың зиялылары, әдебиетші ғалым шәкірттері, ғалымның зайыбы мен балалары, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің студенттері, асыл сөз – әдебиет сүйер қауым жиналды. Кеш Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өтті.

DSC05885

Естелік әңгімеге толы жиынның тізгінін ақын, ұстаз, Қазақ-стан Жазушылар одағы БҚО филиалының директор-өкілі Дариға Мұштанова ұстады. Көрнекті ақын: «Серікқали аға – қазақтың ішінде қазақша сөйлейтін, қазақтың ішіндегі қазақысы. Ол кісі сөйлеген уақытта, жұрт сөздің дәмдісін, тілдің мәйегін тыңдауға асығып отыратын», – деп әдебиеттанушы ғалым туралы естелік әңгімелерін айтып, кештің шымылдығын түрді. Дариға Ғазезқызы кездесуде өзін «Батыр қыз» деп атап кеткен Серікқали Шарабасовқа арнаған өлеңін оқыды.

Еске алу кеші  ғалымның көзін көрген, қызметтес болған үзеңгілестері сөйлеген алқа-қотан әңгімеге ұласты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков «Адам жас кезінде – тойшыл, жасы ұлғайғанда – ойшыл болады екен» деп сөз алды.

– Осында отырған жұрттың бірсыдырғысы Серіктің ақылды басын бұйра шашы тастап кеткен кезінен таныса, мен он сегіз жастағы оғлан Серікті көре қалдым. Екеуміздің таныстығымыз бөлек әңгіме... 1-курста жатақханаға орын алуға келгенде, вахтердің орнында орта бойлы, шымыр денелі, шашы бұйра жас жігіт отыр. Содан екеуміз амандық сұрасып, комендантты сұрай қалып едім, құлындай құлдырай жүгіріп, сұраған жеріме алып барды. Қара жібек көйлек пен баулы бәтеңке киіп, ақ галстук тағып келгеніме мені ҚазГУ, шет тілі институтын бітірген жас маман деп ойлап қалып, алғашқыда «ағай» деп жүрді. Екеуміз бір бөлмеде тұрдық. Серік үздік оқуға мақсат қойды, өзін ғылыми педагогикалық жолға институттың бірінші курсынан бастап дайындады. Ол кандидаттық қорғағаннан кейін, банкет кешінде, Зейнолла Қабдолов «Докторантураға түсуің керек» деп оны ізденісі, мінезі үшін  жақын тартты, – деп Айтқали Нұрышқалиұлы жолдасы туралы естелігін айтып, жиналған жұртты ұйытып әкетті.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Тұяқбай Рысбеков «Серікқали Шарабасовтың шекпенінен шыққандармыз» деп айтып жүрген адамдарға Серікқали Ғабдешұлының ғаламторда туған жылы, айы, атқарған еңбегі туралы қате жазылған ақпаратты түзетуге  өтініш  айтты.

– Серікқали Ғабдешұлымен 1970 жылдың ортасы, университетке келместен бұрын таныстық. Сәкеңнің оқыған дәрістері, әңгімелері мен сөз саптауы, тыңдаушыға жеткізе білуі тұнған шежіре. Ол кісінің ұстаздығы өз алдына, ғалымдығы бөлек әңгіме. 1981 жылы сәуір айында кандитаттық қорғады. «Түрлі жағдайға байланысты докторлық диссертация қорғай алмады» деп айтып жатыр. Негізі, ол кісі монографиясын басып шығарды. Бірақ  диссертацияны шығару үшін ескі араб сөздерін аударуға маман таба алмады. Жағдайдан бұрын осы  үлкен мәселе болды.  Зейнолла Қабдоловтың үш докторанты болды, соның бірі – Серікқали Ғабдешұлы еді. Серікқали Шарабасов білімі, парасаты, адамгершілігі қатар өрілген текті тұлға болды. Шәкірттеріне ілтипаты өте ерекше еді, – деп академик Тұяқбай Зейітұлы ғалымның айтып тауыса алмайтын бекзат болмысы туралы төгілтіп сөйледі.

DSC05881

Ақын Дариға Мұштанова заманында өзімен тұстас оқыған, түрлі теперіш көрген студенттерді Серікқали Ғабдешұлы үнемі қамқорлап, әділет үшін күресіп жүретінін еске алды. Шәкірті әмбе Жайық жұртына танымал қаламгер, ұстазына арнап «Сөз сүлейі» атты кітап шығарған Аманкелді Шахин: «Серік ағай туралы кітаптан оқырсыздар» деп кісі сыйлауда алдына жан салмайтын мінезі жайлы әңгіме өрбітті. Мазмұнды кеште әдемі әңгімемен бірге сөз өнерінен сусындаған филология факультетінің 1-курс студенттері  өлең  оқыды.

Сөз кезегі заманында жас буын кезінен ғалым Серікқали Шарабасовтан тағылым алған,
бүгінде ұстаздарының отын өшірмей жүрген шәкірттеріне ұсынылды. Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жангелді Шайекенов: «Әдебиетшілер арасында Гогольдің «Шинелінен» шықтық» деген сөз тараған. Сол секілді біз де Шарабасовтың «әдебиеттануынан» шықтық. Әдебиеттің әліппесін осы кісіден үйрендік», – деп ұстазын ардақтады. М. Өтемісов атындағы БҚУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев аяулы ұстазының соңғы ауыр күндері мен әдебиеттану ғылымындағы сыни мақалалары мен публицистикалық еңбектері жайлы айтты.

– Ағайдың басынан түрлі қиын кезең өтті. Қалай ауырғанына бәріміз куәміз. Сырқаттанып жатқан күндері көңілін аулауға тырысып, түрлі әңгіме айтқанда: «Зейнолла, жарайды», – деп өмірден өтуіне төрт күн қалғанда қоштасқандай емеурін танытты. Әдебиетті зерттеуді ағайдан үйрендік. Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Хамза Есенжанов, Аққұштап Бақтыгереева және тағы басқа 18-20-ға жуық ақын-жазушының шығармасын, әңгіме жанрын зерттеп кетті. 1977 жылы 13 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Әдемілік пе, әдейілік пе?» деген қазақтың сөз зергері Тәкен Әлімқұловқа арналған сыни мақаласы шықты. Сол газеттің жыл байқауында Ғабит Мүсірепов, Төрегелді Шарманов, Хамит Ерғалиев және Серікқали Шарабасов газеттің лауреаты атанды. Заманында ағайдың есімі бүкіл әдебиеттану ғылымына таралды. Ол кісінің бір ерекшелігі – шығарманың әр бетінен үзінді келтіріп, оны мақтай отыра, сыни көзқарасын жазып кетеді. Ағайдың сабағына бәрі қызығатын. Ұстазымыз келе сала тақырыптан бастамай, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жазылған әдеби жаңалықтардан бастайды. «Кімнің көркем шығармасына рецензия, яки сын жазылды?» деп студенттің құлақ күйін келтіреді. Баладай қарапайым адам болды, – деді Зейнолла Жақсылықұлы. Сонымен қатар педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Түймеш Дәрішева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиева, Жаңақала ауданындағы №3 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рая Жұмағалиева кемел ұстаздары туралы бір үзік сыр шертті. Сөз арасында ғалымның әңгіметанушы қырынан бөлек, абайтанушы, оралхантанушы болып, өзгенің ойын қайталамай, тың ой жазғаны да айтылды.

DSC05890

Еске алу кешінде зайыбы, ардақты ұстаз Әспет Өтеғалиқызы мен баласы Еділ Серікқалиұлы ұйымдастырушылар мен келген меймандарға алғыс білдірді. Ұлағатты ұстаздың жарына облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Алтынбек Ермекқалиев  сый-сияпат  көрсетті.

Перизат Тілегенқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале