9.10.2026, 12:30
Оқылды: 6

Бір айда – бір кітап

М. Өтемісұлы атындағы БҚУ-да «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» жобасы басталды.  Іс-шара аясында «Әділет» партиясы БҚО филиалының жастары оқу орнында жаңадан құрылған «Оқырман ұрпақ» әдеби клубының таныстыру іс-шарасын ұйымдастырды. 

DSC07973

Әдеби кездесуге оқу ордасының басқарма төрағасының орынбасары, тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қанат Әуесбай, филология факультетінің деканы Айдарбек Ақболатов, қазақ филология факультетінің оқытушы-профессоры құрамы мен студенттері қатысты.

DSC07963

«Әділет» партиясы жастар қанаты облыстық  филиалының төрағасы Ерлік Шамғалиевтің мәлімдеуінше, жастардың кітап оқуға ынтасын арттыру, әдебиетті жаңа бағытта насихаттау мақсатында оқырман клубының мүшелері бір ай бойы бір кітап оқып, оны талдайды. Сонымен қатар зияткерлік ойын, шығарманың ауторымен кездесу, түрлі әдеби кеш өткізу  жоспарланған.

Университет проректоры Қанат Әуесбай Президенттің «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасына тоқталып, жас өрендерді кітапты дәйім серік қылуға шақырды.

Әдеби кездесудің тізгінін ұстаған аталмыш университеттің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы (Phd) Әлима Дүйісмағанбетова оқырман клубының ашылуында өзі сабақ барысында студенттерге Мағжан Жұмабаевтың: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім» деп басталатын «Педагогика» әдістемелік еңбегінің маңызына тоқталды. Шәкірттерін ортаға шақырып, аталған кітапта Алаш арысының тәрбиешіге, тәрбиенің төрт (ақыл, дене, сұлулық, құлық) түріне байланысты сұрақтар қойды. Ғалымның шәкірттері сөз алып, сыры кетсе де, сыны кетпеген әдістеме еңбегінің қазіргі қазақ баласына, атаана мен мұғалімге ұшан-теңіз пайдасы, педагогиканың тарихы және Абай Құнанбайұлының жырларымен ұштасатыны туралы ойларын айтып, жиылған оқырманды  сүйсіндірді. Осы орайда шығарманың бетіне қалқымай, тереңіне сүңгіген шәкірттеріне риза болған Әлима Мұратқызы «Kitap al» дүкенінен кітап сатып алуға болатын ақшалай сертификат табыстады. Сондай-ақ келесіде оқитын Григорий Петровтың «Ұлттың оянуы. Финляндия қалай дамыған елге айналды?»  атты кітабы туралы  қысқаша  баяндады.

DSC07978

Филология факультетінің деканы Айдарбек Ахметұлы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, игі істің жалғасын табуға тілеулес болды.

Ботакөз Сәбитқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале