«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Теректі ауданындағы орталық спорт алаңына 50 түп бағаналы терек көшеті отырғызылды. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев көгалдандыру шарасына қатысып, ерікті жастармен және жергілікті тұрғындармен бірге ағаш екті.

Мемлекет басшысының қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда жасыл желекті көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аудан аумағында 5 526 түп ағаш отырғызылып, жылдық жоспар толық орындалды.

Аймақ басшысы «Таза Қазақстан» акциясының маңызына тоқталып, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатты аялау және отырғызылған ағаштарды күтіп-баптау ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Сондай-ақ игі бастамаға белсенді атсалысқан жастарға ризашылығын білдірді.

Көгалдандырумен қатар, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығы күзгі тазалық айлығы болып белгіленген. Осы кезеңде ұйымдастырылатын сенбіліктерге мемлекеттік мекемелер, түрлі ұйымдар мен тұрғындар қатысуда.

Ағаш отырғызу және абаттандыру шаралары аудан орталығымен шектелмей, барлық елді мекенді қамтып отыр. Жылдық жоспар орындалғанымен, жасыл желекті көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі