Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына жұмыс сапары болды. Аймақ басшысы алдымен Теректі ауылында салынып жатқан мал сою пунктінің құрылысымен танысты.

Жобаның жылдық қуаттылығы – 1000 тонна. Құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған нысанды 1 қарашада пайдалануға беру жоспарланған. Қазір негізгі жұмыстар аяқталып, технологиялық жабдықтар орнатуға дайындалуда.
Мұнда тәулігіне 20–30 бас ірі қара және 50–100 бас қой союға мүмкіндік бар. Шикізат қорын қалыптастыру үшін 200 басқа арналған бордақылау кешені салынуда. Сондай-ақ мал жергілікті шаруашылықтардан сатып алынады. Өндіріс орны ашылғанда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Кәсіпкер екі гектар жерді аукцион арқылы сатып алып, су, газ және электр желілерін өз қаражатына тартқан. Болашақта ет өңдеу және консервілеу өндірісін жолға қоюды көздеп отыр.

Аймақ басшысы ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуына, өнімдердің зертханалық сараптамадан өткізілуіне ерекше мән берді. Сондай-ақ бастаманың аудан экономикасына қосар үлесін атап өтіп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі