13.10.2026, 12:15
Оқылды: 7

«Сапаға да, сәнге де мән беремін...»

Жұмсақ ойыншық дегенде көз алдымызға балалық шақтың қызығы мен қуанышы келеді. Бүгінде түрлі матадан тігілетін мұндай ойыншықтардың түрі де, үлгісі де сан алуан. Әсіресе бала денсаулығына қауіпсіз, сапалы әрі қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артып келеді. Сол сұранысты өтеуге өз үлесін қосып жүрген жанның бірі – Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, қолөнер шебері, «Көшен көрпе» жобасының қатысушысы Айдана Жұбандықова. Шетелден келетін сапасы күмәнді ойыншықтарға балама ретінде бала денсаулығына зияны жоқ, қауіпсіз әрі ерекше бұйымдарды бар ынтасымен жасап  келеді.

69d96db8-5782-4273-b209-fe71f8869a99

– Казталов ауданының Ақпәтер ауылында 1993 жылдың 9 қазанында дүниеге келдім. Өнерге деген қызығушылық бала кезден бастау алды. Шығармашылық қабілетімнің қалыптасуына ата-анамның ықпалы зор. Әкем Ермекқали Қабдығалиев Ақпәтер орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып 38 жыл қызмет етті. Анам Дина Қадырғалиева мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болып, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Қазір екеуі де зейнеткер. Отбасымызда алты ағайындымыз. Бауырларымның дені ата-анамның жолын қуып, ұстаздық салада еңбек етуде. Ал менің негізгі мамандығым – әлеуметтік педагог. Қазіргі таңда Ақжайық ауданының Чапаев ауылында тұрамыз. Жұбайым медицина саласында. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасымыз. Отбасым – менің ең үлкен тірегім әрі әр бастамама қолдау көрсететін орта, – дейді Айдана Ермекқалиқызы.

Айдананың қолөнер әлеміне нақты қадам басқанына екі жылға жуықтапты. Бұл жолда анасы мен жеңгесінің қолдауы басты  рөл атқарған.

– «Әулеттегі той-томалаққа шашуды өз қолыңмен жасап көрсең қайтеді, қолыңнан келеді» деген жақындарымның сенімі үлкен күш берді. Алғашқы тұтынушыларым да солар болды. Осылайша қызығушылығым үдей түсті. Ең алғаш жасаған бұйымым – жұмсақ доп. YouTube желісіндегі бейнесабақтарды көріп, оның сызбасын қағазға түсірдім. Сол сызба бойынша матаны қиып, бөлшектерін бір-бірімен қиюластырдым. Нәтижесінде балаларыма үйде ойнауға арналған жұмсақ доп тігіп шықтым. Кейін дельфин, тасбақа, қуыршақ, қарындаш т. б. бұйымдарды жасап көрдім. Қарапайым тәжірибеден басталған іс бірте-бірте сүйікті кәсібіме айналып, шеберлікті одан әрі шыңдауға жетеледі. Қазір балалар ойыншықтарынан бөлек, тапсырыс бойынша той шашу, қыз жасауы, бесік жабдығына арналған бұйымдарды да тігемін. Көбіне тұтынушының талғамына, қалауына қарай  дайындаймын.

b9307241-0010-4457-9d4a-ee3615f3c35f

Туындыларым балалар өнімі болғандықтан, сапа мен қауіпсіздікке жіті мән беремін. Ойыншықтарды құрамында синтетикасы жоқ, таза мақтадан жасалған маталардан тігемін. Бала денесіне жағымды, жұмсақ әрі аллергия тудырмайтын мата болғаны дұрыс. Сонымен қатар ойыншықтың ішін жұмсақ әрі үлпілдек болу үшін синтепух материалымен толтырамыз. Құрамына келер болсақ, зиянды қоспалар жоқ, экологиялық тұрғыда таза деп есептеледі. Тағы бір ерекшелігі – ойыншық кірлесе, оны кір жуғыш машинада жууға болады. Ылғалды көп сақтамайды әрі тез кебеді. Көбіне шетелден әкелінетін жұмсақ ойыншықтардың матасы шаң жинайды деген пікірді ата-аналардан жиі естиміз. Сол себепті өнімімді жасағанда ең алдымен бала денсаулығы мен қауіпсіздігін көбірек ойлаймын. Ойыншық әдемі ғана емес, сапалы, суға жуғанда бояуы шықпайтын әрі зиянсыз болуы керек. Оны жасау барысында көп ізденіп, жаңа үлгілерді үйренуге білек сыбана кірісемін. Еңбегімнің нәтижесін көріп, балалардың қуана ойнағанын немесе ата-аналардың ризашылығын естігенде, осы істі таңдағаныма бек қуанамын, – дейді қолөнер шебері.

7 ойыншык

Бір ойыншықты дайындауға орта есеппен отыз минут, әрі кетсе бір сағатқа дейін уақыт кетеді екен. Дегенмен бұйымның күрделілігіне қарай одан да көп уақыт жұмсалуы мүмкін. Шебердің айтуынша, жаңа үлгі көзге түсіп, көңілден шықса, оны жасап көрмейінше ізденісін тоқтатпайды. «Жаңа дүниеге қызықсам, міндетті түрде жасап көруге тырысамын. Ізденіс барысында қиындық туындаса, бастаған істі аяқсыз қалдырмаймын. Дайын бұйымды көргендегі қуаныштың өзі  барлық қиындықты ұмыттырады», – дейді  ол.

– Кез келген істе алға жылжуыма сенім мен қолдаудың ықпалы зор. Шығармашылық жолда отбасымның қолдауымен қатар, іскер әйелдер қауымының да орны ерек. Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейіткерееваға, кеңес мүшелері Балауса Өтегеноваға, Айжан Нұрсайыноваға және Зухра Құсайыноваға берген бағыт-бағдары мен жанашырлығы  үшін  алғыс  айтамын.

5e1e50f9-c548-43a5-9d4e-1af65468cc34

Мен үшін тағы бір маңызды белес – «Көшен көрпе» жобасына қатысуым. GBR (GLOBAL BEST of RECORDS) Азия және Африка елдері бойынша дүниежүзілік рекордтар кітабының қолдауымен жаңа тарихи жетістік тіркелді. Грециядан шыққан танымал этнодизайнер Аселина Батырдың жетекшілігімен «Көшен көрпе» жобасы екі рекорд орнатты. Нәтижесінде қазақтың ұлттық құрақ үлгісінде тігілген 1031 көрпе мен 1006 жастық дайындадық. Бұл жетістік Ақмола облысындағы «Бейбарыс» кешенінде ресми түрде тіркелді. Еліміздің 1000 таңдаулы шеберлерінің қатарынан көріну мен үшін үлкен мәртебе болды. Ұлттық өнерді насихаттап, қолөнерді жаңғыртатын ауқымды жобаға атсалысқанымды мақтан етемін. Алдағы мақсат – жеке қолтаңба қалыптастырып, өзгеден озық, өзгеше туынды жасау. Сондай-ақ кейінгі буынға шеберлік сағатын өткізу. Ұлттық өнерді сақтаудың ең тиімді жолы – оны жас ұрпаққа үйрету деп білемін, – дейді Айдана Жұбандықова.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале