13.10.2026, 11:30
Оқылды: 15

Теректі ауыл экономикасын әртараптандыруға мүдделі

Теректі ауданында  ауыл  шаруашылығы өнімдерін  өңдеу, импортты  алмастыратын  тауарлар  өндіру  және  инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар жоба  жүзеге  асырылып  жатыр. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев бастаған жұмыс  тобы  ауданға  іссапар  барысында жаңа  өндіріс  орындарының  жұмысымен  танысып, кәсіпкерлермен  және  тұрғындармен  кездесті.  Басқосуда ауылдардың  әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол мен электр  желілерінің  жай-күйі,  ауыз  су  мәселесі  және  алдағы  міндеттер  талқыланды.

842970156_1829817071360024_9063572113851077112_n

Қуатты кәсіпорындар

Облыс әкімі алдымен Теректі ауылында салынып жатқан заманауи мал сою пунктіне аялдады. Жергілікті кәсіпкер Ерген Мырзағалиевтің бастамасымен қолға алынған жобаның жалпы құны 75 миллион теңгені құрайды. Қажетті қаражаттың барлығы кәсіпкердің өз есебінен жұмсалған.

Жаңа кешен тәулігіне 20-30 бас ірі қара мен 50 жандық союға қауқарлы. Мұнда қасапшылар мен ветеринарлар еңбек етеді. Кәсіпорын толық қуатта іске қосылғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға  мүмкіндік  туады.

839035054_1088761837138053_2524993648999604304_n

– Заманауи стандарттарға сәйкес келетін мал сою пунктін салып жатырмыз. Бұған дейін ауданға қарасты Покатилов ауылында да осындай нысан аштық. Ал бұл кешен аудан орталығы тұрғындарының сұранысына орай қолға алынды. Қазірдің өзінде алты тұрғынды жұмысқа тарттық, – деді кәсіпкер Ерген Мырзағалиев.

Кәсіп иесінің жоспары мұнымен шектелмейді. Қазір нысан аумағында 200 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта ет өңдеу мен консервілеу ісін де жолға қою көзделген. Мал сою пунктінде ірі қара мен ұсақ мал етін келісіне 2800-3000 теңге аралығында қабылдау жоспарланып отыр. Мұндай жобалардың маңызы – ауыл шаруашылығы шикізатын бастапқы өнім күйінде ғана емес, қосымша құн қалыптастыратын дайын өнімге айналдыру. Бұл шаруаларға өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, ауылдағы кәсіпкерліктің  дамуына серпін береді.

Аудан орталығындағы тағы бір өндірістік бастама – су тазартуға арналған картридждер шығаратын кәсіпорын. Бұрын мұндай сүзгілерді шетелден алып келуге тура келсе, енді оның отандық баламасын Теректіде шығару қолға алынған. Кәсіпкер Асылхан Иманов жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы құны 160 миллион теңге. Өндірісте Атыраудағы «Kazakhstan Petrochemical Industries» зауыты шығаратын полипропилен пайдаланылады. Кәсіпорын қажетті жабдықтарды сатып алу үшін мемлекет қолдауына сүйеніп, жеңілдетілген  несие  рәсімдеген.

Қазіргі кезде өндірістің бірнеше кезеңі аутоматтандырылған. Кәсіпорын жұмысын бастағалы бері 40 мыңға жуық тауар шығарылып, Қазақстанның 11 өңіріндегі 19 қала мен елді  мекенге  жеткізілген.

– Біз суды тазартуға арналған қатпарлы сүзгілермен қатар газды, гликоль мен аминді тазартуға қажетті өнімдер шығарамыз. Өндірістік сүзгілерді болашақта өңірде газ зауыты салынған жағдайда да пайдалануға болады. Оның ішінде Қарашығанақ кен орнының қажеттілігіне сай келетін өнімдер де бар. Сонымен бірге тұрмыста қолданылатын полипропилен сүзгілеріне сұраныс жоғары. Оларды жергілікті тұрғындар, сауда орындары және көшелерде таза су сататын нүктелер сатып алады, – деді Асылхан Иманов.

839236682_2376807492726492_8687319969847172777_n

Өңір басшысы отандық өнім өндірушілердің әлеуетін арттыру үшін жергілікті кәсіпорындармен өзара тиімді келісімшарттар жасасудың маңызын атап өтті. Расында, ішкі нарықта сұранысқа ие өнімнің өз өңірімізде шығарылуы импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, өндірістік кооперацияның дамуына да жол ашады.

Аудандағы акция

Теректідегі жұмыс сапары кезінде өңір басшысы аудан жастарымен және белсенді азаматтармен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысты. Аудан орталығындағы саябақ аумағына 50 түп көшет отырғызылды. Игі бастама республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Жасыл желек отырғызу – елді мекендерді көркейтуге бағытталған жұмыстың бір бөлігі. Оның нәтижесі көшет санымен ғана емес, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігімен  де өлшенеді.

Тұрғындар мәселесі – назарда

Аудандық мәдениет үйіне барған облыс әкімі алдымен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін аралады.

840962733_1796479341552231_7047173248088318222_n

Көрмеге ауыл шаруашылығы өнімдері, ұлттық бұйымдар, тұрмыстық тауарлар және ауданда өндірілетін азық-түлік түрлері қойылған.

Нариман Төреғалиев кәсіпкерлермен тілдесіп, өнім сапасы, тұтынушылар сұранысы және өткізу нарығына қатысты мәселелерге назар аударды. Жергілікті өндірісті дамытуда өнім шығару ғана емес, оны тұрақты өткізу мен нарыққа жеткізудің де маңызы зор. Одан кейін аудан тұрғындарымен ашық кездесу өтті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттер баяндалды. Сондай-ақ Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова есеп беріп, кейінгі жылдардағы негізгі нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда аудандық маңызы бар 49 шақырым жол жөнделген. Бұл мақсатқа 5,5 миллиард теңге бағытталған. Бұдан бөлек, тағы үш  жол  жобасы  әзірленген.

Ауданды ауыз сумен қамту деңгейі 99,5%-ға жеткен. Осы бағытта 6,2 миллиард теңгеге 225 шақырым су құбыры тартылған. Ендігі кезекте аудан орталығындағы тозған су желілерін жаңартуға 2,2 миллиард теңге бөлу жоспарланып  отыр.

– Подстепный – Федоров және Индер – Барбастау аутомобиль жолдарын салуға 100 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында да тұрақты даму бар. Әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға басымдық беріп отырмыз. 2023-2026 жылдар аралығында ауданда бес жаңа мектеп салынды, – деді аудан әкімі. Дегенмен қол жеткізген нәтижелерге қарамастан, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Соның бірі – электр желілерінің тозуы. Аудандағы ұзындығы екі мың шақырымнан асатын электр желілерінің 71%-ы ескірген. Соңғы үш жылда шамамен 699 шақырым желі жөнделгенімен, мәселені толық шешу үшін жүйелі жұмыс қажет. 2027-2029 жылдары тағы 2197 шақырым электр желісін жаңарту көзделіп отыр. Бұл – ауданның энергетикалық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды міндеттердің  бірі.

Кездесу барысында тұрғындар жол, ауыз су, әлеуметтік нысандар және елді мекендердің тұрмыс-тіршілі-гіне қатысты сауалдарын ортаға салды. Атап айтқанда, аудан орталығынан шамамен 40 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда тұратынын айтқан Райсұлу Атекеева елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеу мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл мәселенің аудан орталықтарында да бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі магис-тральдық жолдарды жөндеумен қатар, елді мекендердің ішкі көшелеріне де кезең-кезеңімен назар аударылады.

– Орталық магистральдық жолдар жөнделді. Енді аудан орталықтарының көшелерін жөндеуге кірісеміз. Қазірдің өзінде аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Әрине, бұл қомақты қаржыны қажет етеді. Дегенмен  жөндеуді талап ететін көшелер-ді кезең-кезеңімен қалпына келтіруге күш саламыз, – деді Нариман Төреғалиев. Теректі мен Жаңаөмір ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар дайын. Ақжайық ауылында жаңа мектеп салу жөніндегі құжаттамалар әзірленген. Ендігі кезекте жобаларды қаржыландыру мәселесі шешілуі керек.

840404731_2185896588807129_6409832258607442160_n

 Инвестиция – тұрақты дамудың негізі

Теректі ауданының экономикалық әлеуетін арттыруда инвестицияның үлесі зор. 2023 жылдан бері аудан экономикасына 137 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның 62,2 миллиард теңгесі – жеке инвестиция.

Қазір ауданда қомақты қаржыны қажет ететін сүт фермасы мен минералды су өндіру секілді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және ауданның кіріс көздерін әртараптандыруға мүмкіндік  береді.

Әрине, инвестиция көлемінің артуы өз алдына маңызды көрсеткіш болғанымен, оның нақты нәтижесі жобалардың уақытында іске қосылып, ел игілігіне қызмет етуімен өлшенеді. Сондықтан басталған құрылыстарды белгіленген мерзімде аяқтау, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау – алдағы кезеңдегі басты міндеттердің  бірі.

Осы жолы да облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын  тыңдады.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале