13.10.2026, 12:45
Оқылды: 4

Мобильді аударыммен төлем жасау неге тоқтаған жоқ?

Сұрақ-жауап

– Бүгіндері сауда және қызмет көрсету орындарында төлем жасаудың бірнеше ыңғайлы тәсілі бар. Бірақ тауар немесе қызмет үшін жеке мобильді аударым жасау қаншалықты дұрыс? Құзырлы мекемелер азаматтардың бұлай төлем жасауын тексере ме?

Ибраһим Бақытжанов,

 Орал қаласы

каспи голд жп

Сурет: Сайт архивінен 

Оксана Нигметуллина, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы

- Жеке тұлғалардың жеке мақсаттағы операцияларды, оның ішінде азаматтар арасындағы ақша аудару үшін мобильді аударымдарды пайдалануға тыйым салынған жоқ. Яғни мобильді аударымдарды жеке мақсаттарда пайдалануға болады. Ал ақша шотқа тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін төлем ретінде тұрақты түсетін болса, мұндай қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс.

Жеке кәсіпкер осы мақсатқа арналған кәсіпкерлік шотты пайдалануы қажет. Тауар, жұмыс және көрсетілетін қызмет үшін қолма-қол ақшамен, төлем кәртішкелерімен немесе мобильді төлемдер арқылы есеп айырысуы тиіс. Ол үшін бақылаукасса машинасын (БКМ) міндетті түрде қолдану және фискалды түбіртек беру талап етіледі. Осыған байланысты азаматтардың жеке банктік шотын тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлемдерді жүйелі түрде қабылдау мақсатында пайдалану кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың белгіленген тәртібіне сәйкес келмейді.

ҚР Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 24-тармақшасына сәйкес, екінші деңгейдегі банктер кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталса, жеке тұлғаның банк шотына басқа жеке тұлғалардан түскен қаражаттың жиынтық сомасы туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер құрылымдарына ұсынады. Бұл ретте барлық мобильді аударым аутоматты түрде бақылауға алынбайды. Мәліметтер заңнамада белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін операциялар анықталған жағдайда ұсынылады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті өлшемшарттар ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығымен белгіленген. Атап айтқанда, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шотына үш бірізді күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі адамның қаражаттың түсуі және заңнамада белгіленген шектен асып кетуі кәсіпкерлік қызметтен кіріс алудың белгілері бар операциялардың өлшемшарттарының  бірі  саналады.

Мемлекеттік кірістер құрылымдары банктерден алынған мәліметтер негізінде тиісті талдау жүргізеді. Соның нәтижесінде жеке тұлғаларға ақпараттық сипаттағы хабарламалар жолданады. Бұл ретте жеке тұлғаның мобильді аударымдар арқылы ақша алуының өзі аутоматты түрде кәсіпкерлік қызметпен айналысып отырғанын білдірмейді және бірден жауапкершілікке тартуға да негіз емес. Операциялардың сипаты заңнамада белгіленген өлшемшарттар ескеріле отырып бағаланады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале