13.10.2026, 15:00
Оқылды: 11

Жүргізушілер назарына: Орал – РФ шекарасы бағытында орташа жылдамдық бақыланады

13 қазаннан бастап Қазақстанның тағы төрт ақылы автожолында орташа жылдамдықты асыру деректері тіркеле бастайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бақылау жүйесін кеңейтіп, оған жаңа бағыттарды қосады. Осылайша орташа жылдамдық бақыланатын ақылы жол бөліктерінің саны 11-ден 15-ке дейін артады.

a3340797-a499-4354-ba0e-00c46b639879
Сурет: telegram.org

Бүгіннен бастап орташа жылдамдық мына бағыттарда бақыланады: Орал – РФ шекарасы (Самара); Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор); Қостанай – Денисовка; Қандыағаш – Мақат.

Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды.

2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал белгіленген нүктедегі жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі тіркелген. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.

Еске салайық, Қазақстанның республикалық автожолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол бөлігінде бақылау жүргізіліп келді.

Олар: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – РФ шекарасы (Саратов); Павлодар – РФ шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Ақтөбе – Қандыағаш.

Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе осы уақыт пен екі арканың арақашықтығын есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды. Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету жүргізушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер көлік бақылаудағы жол бөлігін рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асырып өтсе, құқықбұзушылық тіркеледі.

Бақылау жүйесін кеңейтудегі басты мақсат – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруының алдын алу және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ үшін бұл технологияны енгізудегі негізгі міндет – айыппұл санын көбейту емес, жүргізушілердің жолдағы жауапкершілігін арттырып, республикалық автожолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале