14.10.2026, 10:00
Оқылды: 11

БҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға 2,9 млн астам теңге айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 1 717,2 гектарды (2025 жылғы осы мерзімде — 3 254,8 га) қамтыған 25 табиғи өрт (18) тіркелді - деп жазды kaz.inform.kz.

ЖП ақша 2

Сурет: сайт архивінен 

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Елдос Батталовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 147,2 гектарды (2025 жылы осы кезеңде –104,8 га) шарпыған орман өрті, 1 570 га (3 150 га) 4 дала өрті (6), 3 934 га (2 930 га) 159 далалық жану (118) болды.

Елдос Нұрланұлының сөзіне қарағанда, салдарынан 3 млн 202,4 мың теңге материалдық шығын келтірілді, бұл өткен жылғыдан (2 млн 183,1 мың теңге) көп.

— Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, табиғи өрттердің саны өскенімен, олардың жану аумағы 47 пайызға төмендеді. Ал ормандағы өрт екі есеге артты. Есесіне дала өрттері 33,3 пайызға азайып, жалын шарпыған олардың жалпы аумағы 50,2 пайызға қысқарды, — деді Е.Батталов.

Оның айтуынша, табиғи өрттерді ерте анықтау мақсатында орман алқаптарында орнатылған 10 бейнебақылау камерасы пайдаланылып, «Қазақстан ғарыш сапары» жүйесі арқылы тәулік бойы ғарыштық мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар орман алқаптарында әуеден патрульдеу ұйымдастырылып, өрт қаупі күшейген кезеңде департаменттің механикаландырылған кезекшілік топтары жұмылдырылды.

Департамент мәліметі бойынша азаматтық қорғау, полиция, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған мобильді топтар облыс аумағында 1 502 рейд өткізді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 603 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2,9 млн астам теңге айыппұл салынды.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале