6.05.2026, 16:15
Оқылды: 11

Байбақты Әлтекенің шежіресі

Достық үйінде Гүлнафис Қажығалиева-Айшихованың «Кіші жүз, Он екі ата Байұлы, Байбақты, Жанбақты, Әлтеке руының шежіресі» атты екі томдық кітабының тұсауы кесілді.  Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебеп ғылыми ітапханасы ұйымдастырған іс-шараға Ресейден келген меймандар, тарихшылар, жергілікті өлкетанушылар, басылымның жарық көруіне үлес қосқан азаматтар мен қала тұрғындары қатысты.

4b4433de-3041-40a2-a8c0-97ba2b3cefcf

Гүлнафис Нұрлыбекқызы Ақжайық ауданындағы Есенсай ауылында өмірге келген. Шетел ауторларының кітаптарын қазақ тіліне аударып, рухани салаға да үлес қосқан. Жақында жарық көрген еңбегінде аутордың қандай мақсат-мұрат көздегенін аңғардық. Бабалар тарихын түгендеп, шежіре шоғын сөндірмей, келер ұрпаққа жеткізген бұл еңбек бір рудың ғана емес, тұтас ұлттың тарихи жадын жаңғыртқан құнды мұра болды.

Кіші жүз, Он екі ата Байұлы, Байбақты руының үлкен бір тармағы – Әлтеке руының екі томдық кітабының кіріспесінде аутор шежірені қолға алу себебін, көмек қолын созғандар, барған жерлері мен жолыққан адамдары жайлы жазған. Бірнеше жылға созылған зерттеу жұмыстары ру тарихын, шежіре дерегін, жеті ата тізбегін толықтырып, кітап болып жарыққа шықты. Жиынға жиналған жұрттың қатарында өз жеті ата тізбегін тапқан жандар да ауторға алғыс жаудырып, үлкен іс атқарғанын тілге тиек етті.

Тағылымды жиында жаңа кітаптың тұсауын ру ақсақалдары Сәрсенғали Бисенғалиев, Хамидолла Қойшыбаев, Ресейден келген ағайындар Қажымұқан Мұхамбетов, Әлтеке руынан шыққан көрнекті тұлға Фарид Қажығалиев кесті. Шежіре жұмысына баға беріп, құтты болсын айтып, тілек білдіргендер  көп болды.

f48b426c-d253-4c3a-9d6d-3d1b43e4611a

– Кейінгі кезде біздің  жақта жеті ата тізбегін іздеп, толықтырып, кітап етіп шығару ісі жанданып келеді. Бұл керемет іс қой. Кейбіреулер мұны трайбализмге балайтын көрінеді. Әсілі, өзіңнің ата-тегіңді түгендеп, хатқа түсірудің еш айыбы жоқ, керісінше, ел мен жер тарихы осылай бүтінделеді, – деді журналист Қазбек Құттымұратұлы.

Осынау іс-шарада Гүлнафис Нұрлыбекқызы ағайынның арасын жалғаған кітап туралы қысқаша тоқталып, екі томдықтың шығуына, деректердің жинақталуына  көмек көрсеткен азаматтарға  алғыс айтып, сый-сияпат табыстады.

 

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале