21.05.2026, 14:45
Оқылды: 11

Ұлттық мәдениет - халықтың рухани тірегі

Мәдениет пен салт-дәстүр – ұлттың рухани өзегі, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты мен дүниетанымының айнымас айнасы. Елімізде 2013 жылдан бастап  21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде дәстүрлі түрде аталып өтіп келеді. Сала мамандары – өз шығармашылығымен және мамандыққа деген шексіз сүйіспеншілігімен ұлт руханиятын жандандырып, адамзатты әсемдік әлеміне жетелейтін, әр күнді ерекше сүюге үйрететін жасампаз жандар. Кәсіби мереке орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулеткерей Құсайыновпен сұхбаттасқан едік.

image-21-05-26-12-11-4

​– Дәулеткерей Атауұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сұхбатымыздың әлқиссасын өз салаңыздың алтын діңгегінен бастасақ. «Мәдениет» және «ұлттық салт-дәстүр» ұғымдарына көзқарасыңыз қандай? Кәсіби қызметте бұл екі құндылықты не байланыстырады?

​– Рахмет! «Мәдениет» пен «ұлттық салт-дәстүр» ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Өйткені, мәдениет – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен рухани құндылықтарының ортақ жиынтығы болса, сол құндылықтардың қан тамырына қан жүгіртіп тұрған басты арна – ұлттық салт-дәстүріміз. Демек, мәдениет – халықтың өмір салтынан, әдет-ғұрпынан, тәлім-тәрбиесінен және салт-санасынан тамыр тартатын терең әрі кең ұғым.​Әрине, мәдениеттің бастау алар асыл бұлақтары аз емес. Соның ішінде ата-бабамыздан мирас болып қалған, ұлт болмысын айқындайтын қасиетті салт-дәстүрлер ерекше орын алады. Біздің мәдениет саласындағы басты миссиямыз да – осы рухани қазынаны көздің қарашығындай сақтап, заман талабына сай жаңғырту.

image-21-05-26-12-11

​Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, мәдени мұраны насихаттауға үлкен бетбұрыс жасалды. Осы ретте мәдениет қызметкерлерінің де жауапкершілігі арта түсті. Тарихқа көз жүгіртсек, кеңестік кезеңде ұлттық руханият пен имандылық мәселелері екінші кезекке ысырылып, ұмытыла жаздағаны белгілі. Сол бір сындарлы шақта халқымыздың адамгершілік қағидалары мен тәрбиелік ұстанымдарын жоғалтпай, аман сақтап қалған – осы ұлттық салт-дәстүрлер еді. Сондықтан бүгінгі таңда кәсіби мерекемізді атап өту – өткенімізге тағзым жасап қана қоймай, сол асыл мұраларды бүгінгі ұрпақтың күнделікті өмір салтына мәдениет арқылы сіңірудің бірден-бір жолы деп білемін.

– Әлеуметтік желілерде немесе қоғамда мәдени іс-шараларды, кәсіби мерекелерді «тек формалды, есеп үшін жасалатын дүние» деп қабылдайтындар да кездеседі. Осы пікірмен келісесіз бе? Мәдениет пен дәстүрді бұлайша кең көлемде ұлықтау бүгінгі қоғамға қаншалықты қажет?

​– Қазіргі ашық қоғамда әр азаматтың өз пікірін білдіруге толық құқығы бар, сондықтан түрлі көзқарастардың болуы – заңды құбылыс. Дегенмен, сала басшысы ретінде де, азамат ретінде де бұл пікірмен үзілді-кесілді келісе алмаймын.​Меніңше, Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні немесе ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени іс-шаралар жай ғана қызылды-жасылды концерт немесе формалды есеп емес, бұл – талай тарихи сындардан өтіп, ұлттық болмысын сақтап қалған ата-бабаларымыздың рухани мұрасына, сол мұраны бүгін тірілтіп жүрген өнер адамдарына құрмет білдіретін ерекше кезең. Мұндай ауқымды жұмыстар арқылы біз халқымыздың өткен тарихын еске алып, мәдени кодымыздың қадірін тереңірек түсінеміз.​Мәселен, мәдениет ошақтарында ұлттық киімдерімізді киіп, сахна арқылы көне дәстүрлерді дәріптеу, ұлттық тағамдар мен қолөнерді насихаттау – жас ұрпаққа өнеге боларлық үлкен тәрбие мектебі. Бұл шаралардың мақсаты біреу-ақ: адамның бойында ұлттық мақтаныш сезімін оятып, өз халқының мәдениеті мен дәстүріне деген құрметін арттыру. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор деп есептеймін. Мәдениет – халықтың жаны, ал біз сол жанды таза, биік ұстауға қызмет етіп келеміз.

–Бүгінгі таңда ауданда мәдениет саласын дамыту бағытында қандай жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр? Мәдени іс-шараларды ұйымдастырудағы басты талап пен ұстанымдарыңыз қандай?

image-21-05-26-12-11-2

–Мәдениет саласындағы кез келген жұмыс, ең алдымен, жүйелілікке негізделуі тиіс. Яғни, біз қолға алған әрбір жобаның нақты мақсаты, нақты бағыты және соңғы нәтижесі болуы керек. Басы бар да, соңы жоқ, үстірт ұйымдастырылған іс-шаралар мәдениетке де, қоғамға да ешқандай рухани пайда әкелмейді. Сондықтан біз ауданымыздағы мәдени іс-шараларды жоспарлауда оның сан алуандығына емес, терең мазмұны мен тәрбиелік мәніне ерекше назар аударамыз.​Жыл бойына мәдениетті жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар толассыз атқарылып келеді. Олардың барлығы да бір іске жұмыла кіріскен әріптестерімнің арқасы. Бірігіп қызмет етіп талай іс-шараның басын қайырып жүрміз.

–Қазіргі таңда жаһандану үдерісі өте қарқынды жүріп жатыр. Осындай алмағайып заманда ұлттық болмысты сақтап қалуда мәдениет мекемелерінің рөлі қандай? Әсіресе, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін қандай заманауи тәсілдерді қолдану тиімді деп есептейсіз?

– Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалу әлемдегі әрбір халық үшін өміршеңдік мәселе. Осындай сәтте менің есіме еріксіз Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы мәңгілік философиялық сұрақтар оралады. Адамзат баласы үшін уақыт талғамайтын, ғасырлар ауысса да маңызы артпаса кемімейтін қасиетті құндылықтар болады. Қазақ халқы үшін де ұлттық тіл, ата-баба дәстүрі мен төл мәдениеті – сондай мәңгілік құндылықтардың қатарынан.

​Мен кейбір пессимистік болжамдарға, яғни «жаһандану заманында қазақтың ұлттық болмысы жоғалып кетеді» деген пікірлермен мүлдем келіспеймін. Керісінше, біз оны заман ағымына сай дамытуға, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға күш салуымыз керек. Ана тілімізде сөйлеп, ұлттық мәдениетімізді ұстану – біздің ұлт ретіндегі басты қорғанысымыз. Осы ретте мәдениет ошақтарының атқаратын рөлі айрықша. Өйткені, дәл осы мәдениет үйлері, кітапханалар мен музейлер – халықтың рухани дүниесін байытып, ұлттық кодты насихаттайтын негізгі идеологиялық орталықтар болып табылады.

image-21-05-26-12-11-3

​Жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің ең тиімді жолы – оны тек құрғақ сөзбен насихаттау емес, заманауи тұрмыспен үйлестіру. Яғни, ұлттық мәдениет көрме залында немесе концерттік сахнада ғана тұрмай, жастардың күнделікті өмірінен, стильдік талғамынан, ой-өрісінен көрініс табуы қажет. Сонда ғана ол жас буынға түсінікті әрі жақын болады.

​Тарихқа үңілсек, Дешті Қыпшақ даласынан шығып, Мысырды билеген даңқты Бейбарыс сұлтанның өзі Каирде салдырған зәулім мешіттің қақпасына қазақтың «қошқар мүйіз» оюын қашатып жасатырған. Бұл – қанша жерден әлемді билеп тұрса да, оның бойындағы туған халқының мәдениетіне, ұлттық белгісіне деген ұлы құрметтің, сағыныштың белгісі. Осындай тағылымды тарихи мысалдарды жастардың санасына сіңіру – біздің басты міндетіміз.

​Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген дана сөз бар. Уақыт көшіне ілесіп, заман талабына сай жаңарып отыратын мәдениет қана өміршең болмақ. Сондықтан ұлттық негізді сақтай отырып, оны заманауи өмір салтымен сәтті үйлестіре білу  бүгінгі мәдениет қызметкерлерінің алдында тұрған басты стратегиялық міндет деп білемін.

​– Ауданымыздағы шығармашылық ұжымдардың, фольклорлық және әжелер ансамбльдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жалпы, бұқаралық өнер ұжымдарының ұлттық рухты сақтаудағы маңызы төңірегінде не айтар едіңіз?

​– Шығармашылық ұжымдар, фольклорлық және әжелер ансамбльдері — ұлттық мәдениетіміздің мәйегі, рухани болмысымыздың алтын діңгегі. Ұлттық рухты өз жүрегінде сезінген адам ғана оның қасиетті ұшқынын өзгеге жеткізе алады. Осы тұрғыдан алғанда, біздің өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың атқарып отырған еңбегі орасан зор.

​Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша мәдени-демалыс орталығының құрамында 1 аудандық мәдениет үйі, 2 ауылдық мәдениет үйі және 30 ауылдық клуб халыққа мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Осынау үлкен салада 132 қызметкер аянбай еңбек етуде. Мәдениет мекемелері жанынан 75 шығармашылық ұжым мен үйірме жұмыс істейді. Ал жалпы клубтық құрылымдардың саны 241-ге жетіп, оған 2800-ден астам аудан тұрғыны тұрақты түрде қатысады. Жыл сайын аудан көлемінде үш мыңға жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылса, соның басым бөлігі төл өнеріміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге бағытталады.

​Ауданымыздың атын республикаға танытып жүрген «Шежіре» фольклорлық ансамблі, «Скифы» вокалды-аспапты ансамблі, «Дарьюшка» би ұжымы, «Ақниет» әжелер ансамблі, «Калинушка» орыс фольклорлық ансамблі, «Достық–Дружба» ансамблі, «Шың» аудандық драма театры, «Серілер» квинтеті және үлгілі «Нұр-Ай» би ансамблі — біздің басты мақтаныштарымыз. Қазіргі уақытта ауданымызда 8 «халықтық» және 1 «үлгілі» мәртебесі бар ұжымның болуы — осы саладағы жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі.

​Жетістіктеріміз де аз емес. Мәселен, халықтық «Ақниет» әжелер ансамблі Алматы қаласында өткен КТК телеарнасының «Кел, шырқайық» шоу-бағдарламасында «Үздік ансамбль» аталымы бойынша І орынды иеленіп, өңір мәдениетінің мерейін үстем етті. Үлгілі «Нұр-Ай» би ансамблі халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте бас жүлдесін қанжығасына байлады. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған хор ұжымы облыстық «Кел, шырқайық» байқауында үздік шықса, жақында ғана «Серілер» квинтеті мен «Шың» драма театрына жоғары деңгейдегі «халықтық» атағы берілді.

​Өзім де осы мәдениет саласында 37 жылға жуық еңбек еткен маман ретінде, өнер ұжымдарының даму динамикасын жақсы түсінемін. Олар - халықтың рухани айнасы.

​– Мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай білген қоғам ғана тұрақты дамуға қабілетті ме? Бұл ретте ұлттық құндылықтарды қорғау тек сіз басқарып отырған бөлімнің міндеті ме, әлде тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі ме?

​– Иә, тарихы мен тамырын ұмытпаған халық қашанда бірлігін сақтап, болашаққа нық қадам басады. Ауданымыздың бүгінгі татулығы мен берекелі тіршілігінің негізінде де осы асыл құндылықтар жатыр. Бірақ бір нәрсені нақты түсінуіміз керек: ұлттық құндылықтарды сақтау тек мәдениет саласының міндеті емес, бұл — тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. ҚР «Мәдениет туралы» Заңында және Ата Заңымыздың кіріспесінде мәдениет — ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттіліктің басты тірегі ретінде айқындалған. Демек, мәдени мұраны аманаттау — бүкіл қоғамның ортақ парызы. Әр отбасы өз шаңырағында дәстүрді құрметтесе, біздің мәдениетіміздің тамыры одан әрі тереңдей түспек.

​– Заман ағымына қарай кейбір дүниелердің мазмұны өзгеріп, бастапқы мәнінен алшақтап бара жатқаны да жасырын емес. Дәстүрді сақтау мен оны заман талабына бейімдеудің шегі қай жерде деп ойлайсыз?

​– Уақыт ағымына қарай тұрмыс-салтта белгілі бір өзгерістердің болуы — заңды құбылыс. Бұл жөнінде атақты ақын Әбубәкір Кердері де өз уақытында: «Тар шалбар, бешпет шығып қынамалы, жігітке шапан киген ұнамады» деп заманның трансформациясын дөп басып суреттеген. ​Алайда, сыртқы форма өзгергенімен, ұлттық құндылықтардың ішкі рухы мен өзегі жоғалмауы тиіс. Оны сақтап, тарихи жадты жаңғыртуда әдебиет пен сахна өнерінің, музейлер мен мәдениет ошақтарының рөлі айрықша. Бүгінгі қоғамда ұлттық киім кию үрдісінің белең алуы, бата беру, салт-дәстүрді заманауи трендтермен үйлестіру — ұлттық мәдениеттің жаңа заманмен бірге жасасып, дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Шегі — дәстүрдің қасиетті рухын бұзбау.

​– Дәулеткерей Атауұлы, алдағы кезеңге мәдени саясат тұрғысынан ауданда қандай басым бағыттар мен тың жобалар жоспарланып отыр?

​– Алдағы уақытта біз мәдениет мекемелерінің, соның ішінде театр, музей, ауылдық клубтар мен кітапханалардың мәртебелік деңгейін заманауи талаптарға сай жаңа биікке көтеруді көздеп отырмыз. Кейбір мәдениет нысандарын дербес құрылым ретінде дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, әсіресе ауылдық жерлердегі кітапханалардың жылу, жарық және ғимарат мәселелерін жүйелі шешу — басты назарымызда.

image-21-05-26-12-11-1

​Бүгінде ауданның мәдениет саласындағы кадрлық әлеуеті мен шығармашылық мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан кәсіби мерекеміз қарсаңында барша әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін. Біздің басты мақсатымыз — ұлттық мұрамызды сақтай отырып, оны заман талабына сай жаңғырту және келер ұрпаққа лайықты түрде жеткізу.

​Осы сәтті пайдаланып, мәдениет пен өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтағым келеді. Киелі өнер жолында Бәйтеректі елге танытып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген барша әріптестеріме зор денсаулық, қуаныш пен шаттық, отбасы амандығын, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхабттасқан Салтанат Шоқан,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале