20.05.2026, 15:45
Оқылды: 15

Шахмат үздіктері іріктелді

Жақында  шаһардағы  «Жайық  арена»  спорт  кешенінде  ҚР  Парламенті  Сенатының  шахматтан  ІІІ  ашық  кубогінің  облыстық  кезеңі  ұйымдастырылды.

шахматы

«SENAT OPEN – 2026» шахмат додасына облыстағы түрлі саланың қызметкерлері қатысты. Олардың ішінде барлық шақырылым мәслихат депутаттары, мәдениет, білім, БАҚ өкілдері мен әртүрлі басқармалар мен күштік құрылым мамандары болды. Биылғы шаршы тақтадағы ақыл-ой сынында 200-ге жуық ойыншы бақ сынады. Турнирдің облыстық кезеңіндегі үздік 35 қатысушы 6 маусым күні Ақтау қаласында өтетін аймақтық бәсекеде өңір намысын қорғайды. Айта кетелік, өткен жылы шахматшыларымыз турнирдің республикалық кезеңінде бас жүлде иеленіп, «SENAT OPEN» кубогін еншілеген еді.

Дәстүрлі доданың салтанатты ашылуында алдымен мемлекеттік Әнұран шырқалды. Одан кейін облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов, «Freedom Broker» компаниясының Атырау және Орал қалалары бойынша аймақтық директоры Ақтолқын Ғұбашева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақ-дәулет Сәбитов, «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ БҚО филиалының атқарушы директоры Марат Қазекенов сөз сөйлеп, шахматшыларға сәттілік тіледі.

– «SENAT OPEN» шахмат турнирі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен «Freedom Holding» компаниясының  жетекшісі Тимур Турловтың қолдауымен үшінші мәрте өтуде. Биылғы доданың ерекшелігі шахматшылар қатарына әлеуметтік салалар мен құқық қорғау құрылымдарының мамандары қосылды. Шахмат ойыны – адамның ойы мен логикасын шыңдайтын спорт түрі. Қазіргі таңда елімізде осы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оған дәлел 2019 жылы халықаралық гроссмейстер дәрежесін иеленген және екі дүркін блицтен әлем шемпионы атанған тараздық Бибісары Асаубаеваны айтып өтуге болады.  Біздің Ақ Жайық өңірінен де талай шеберлер шықты. Күні бүгінге дейін «SENAT OPEN» шахмат турнирінің  батыс аймақтық қос кезеңінде көш алдында болып, 2025 жылы Астанада айымыз оңынан туып, арнайы кубокті иелендік.  Бүгін облыстық кезең бойынша жарыс үздіктері іріктеліп, олар алдағы күндері өтетін аймақтық және республикалық
шахмат сынында өңір намысын абыроймен қорғайды, – деді Мұрат Мұқаев.

Жарыс қатысушылары «Швейцар» жүйесі негізінде жұпталып, үстелдерге жайғасты. Олар шахмат тақтасында тоғыз мәрте бақ сынасты. Турнир нәтижесінде Өтеген Мүбәрәк үшінші орынды місе тұтса, екінші орын Виталий Каширинге бұйырды. Барлық қарсыластан жоғары ұпай еншілеген Бақдәулет Зәуірбек жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ қатысушылар түрлі санаттар бойынша жүлделі орындарға ие болды. Көш басында тұрған 35 шахматшы Батыс Қазақстан құрамасы сапында аймақтық бәсекеде сынға түседі. Ал «SENAT OPEN – 2026» шахмат турнирінің финалдық кезеңі 27 маусым күні Астана қаласында өтеді.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале