Қазіргі таңда сайлау үдерісінің ашықтығы мен сапасын арттыру – өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жауапты органдар тарапынан бірқатар кездесулер ұйымдастырылуда.
Осы ретте Орал қалалық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау үдерісін ұйымдастыру мен өткізудегі түйткіл мәселелер, оларды шешу жолдары және алдағы Құрылтай сайлауы бойынша міндеттер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға облыстық және қалалық сайлау комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, полиция басқармасы мен көші-қон қызметінің өкілдері, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Басқосуда өткен электоралдық кезеңнің қорытындылары сараланып, нақты проблемалар ашық айтылды.

Дөңгелек үстелдің негізгі назарында сайлаушылар тізімінің өзектілігі мен нақтылығы мәселесі тұрды. Атап айтқанда, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелгенімен, нақты сол жерде тұрмайтын азаматтардың көптігі сайлау үдерісінің сапасына кері әсерін тигізетіні атап өтілді. Кей жағдайларда бір тұрғын үйде 20-дан астам адамның тіркелуі секілді деректер де келтірілді. Сонымен қатар, кейбір сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділік мәселелері, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі секілді түйткілдер де талқыланды.
Орал қаласы әкімінің аппарат басшысы Ержан Тұрмағамбетов комиссия мүшелері тарапынан айтылған барлық арыз-шағымдар мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір көтерілген мәселе жүйелі түрде қаралып, кезең-кезеңімен шешімін табады. Сонымен қатар, сайлау учаскелерін қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету, ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсету бағытындағы көмектердің кешіктірілмейтініне де ерекше тоқталды.
Ал Дидар Жасталапұлы полиция басқармасы тарапынан азаматтарды тіркеу және көші-қон бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген немесе тіркелген мекенжайында тұрмайтын 3 мыңнан астам азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне 18 миллион теңгеден астам қаражат түскен.

Сонымен қатар, жиын барысында алдағы Құрылтай сайлауын ұйымдастыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Атап өтілгендей, бұл саяси науқан облыс деңгейінде жоғары ұйымдастырушылық талаптармен және барынша ашықтық қағидаттарына сай өткізілмек. Осыған байланысты жауапты органдарға дайындық жұмыстарын күшейту, үгіт-насихат жұмыстарын жүйелеу және сайлаушылармен кері байланысты арттыру міндеттері жүктелді.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы сайлау науқандарында басшылыққа алынатын нақты ұсыныстар қабылданды.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz