Бүгін Орал қаласындағы Атамекен өнер ордасында 21 мамыр - мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай марапаттау кеші өтті. Өнер адамдары тоғысқан шара барысында әуезді ән де, би де болды. Мерекелік көңіл-күй сезіліп, осы кеште ауданымыздың рухани өміріне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар өнер майталмандары да төбе көрсетті.

Жаңақала аудандық мәдени демалыс орталығының ән өңдеушісі Махамбет Нұрахметұлына аталмыш саланы дамытуға қосқан үлесі үшін БҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының атынан Құрмет грамотасы берілсе, аудандық мәдени демалыс орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Райгүл Рамазановаға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның атынан “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі тағылып, оның мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен шығармашылық ізденісі жоғары бағаланды. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Мукашеваға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғыс хат табысталды. Руханияттың өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген жан үшін бұл марапат - үлкен еңбектің жемісі. Иә, жаңақалалық мәдениет майталмандарының еңбегі еленді, өнері өркендеді. Десе де, құрметке бөленген сала үздіктері мұнымен тоқтап қалмасы анық.

Иә, аудан өнерпаздары қай кезде де ел мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Әсіресе ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мәдени-көпшілік шаралардың жоғары деңгейде өткізетін қызметкерлердің еңбегі зор. Сол рухани әлемнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлерін мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс пен толағай жетістік тілейміз. Еңбектеріңіз ел ықыласына бөлене берсін!
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы