1.06.2026, 13:00
Оқылды: 117

Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі

Оқу жылының соңын қорытындылап, шәкірттерінің жетістігін көпшілікке таныстыруды дәстүрге айналдырған ұстаздардың бірі – домбыра пәнінің мұғалімі Саида Ғайноллақызы. Жуырда оның шәкірттері «Күй аманат» атты есеп беру концертін өткізіп, көрерменге өнерлерін паш етті.

WhatsApp Image 2026-06-01 at 12.28.24 (2)

Биылғы концерттің ерекшелігі – ұстаз жетекшілік ететін «Томирис» домбырашылар ансамблінің құрылғанына үш жыл толуымен тұспа-тұс келуі болды. Осыған орай есеп беру кеші мерекелік сипат алып, шәкірттер мен ата-аналар үшін ерекше әсерлі шараға айналды.

– Бұл кештің мен үшін орны бөлек. Биыл «Томирис» ансамблінің құрылғанына үш жыл толып отыр. Концерт барысында шәкірттерім мен ата-аналарыма алғысымды білдіріп, оқу жылы басында аудандық және облыстық «Ақберен» байқауларында І орын алып, республикалық кезеңнен жүлдемен оралған дарынды шәкіртім Арсен Серіковті арнайы марапаттадым, – дейді ұстаз Саида Ғайноллақызы.

Концертте домбыра үйренуге енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушыларынан бастап, бірнеше жыл бойы өнерін шыңдап жүрген тәжірибелі жас орындаушыларға дейін сахнаға шықты. Әрбір күй орындауда балалардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі мен домбыраға деген құрметі айқын сезілді.

Кеш барысында оқушылар өздерінің орындаушылық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттауға қосып жүрген үлестерін де таныта білді. Домбыраның қоңыр үні көрермен көңілінен шығып, әсерлі кеш сыйлады.

Өнер кешіне қатысқан ата-аналар да балалардың шығармашылық қабілетін дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген жетекші Саида Ғайноллақызына алғыстарын білдірді.

WhatsApp Image 2026-06-01 at 12.28.24 (1)

«Күй аманат» концерті жас өнерпаздардың үлкен өнерге деген құлшынысын көрсеткен тағылымды шара ретінде есте қалды. Бұл кеш шәкірт жетістігінің артында ұстаздың өлшеусіз еңбегі жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 Саида Ажгалиева,

балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы,

Бөкей ордасы ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале