Бала күнінде “Полиция боламын!” - деген арманына жеткен арудың бірі - Айкүміс Жауымбаева.
Айкүміс 1997 жылы Бұлдырты жағында, Қарақұдық ауылында дүниеге келді. Әкесі Шарифолла мен Айбөбек - ауылда мал шаруашылығымен айналысады.

Қатарлас құрбылары бой түзеп, айнаға қарағыштай бастаған уақытта біздің Айкүміс аудандық қорғаныс істері бөлімі мен аурухананың арасына із салды. Сөйтсе, Қарағандыдағы
ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына түсуге талпынып, құжат жинап жүр екен. Іріктеу талабы жоғары болды. Өтпеді.
-Бәрібір форма киемін. Офицер боламын! - деген қайсар қыз
М. Өтемісов атындағы педагогикалық университетке, “Алғашқы әскери дайындық пәні оқытушысы” мамандығына оқуға түсті. Оқуын 2019 жылы қызыл дипломмен аяқтап, Жосалы ауылдық округіндегі А. Жұмағалиев атындағы мектепке қызметке келді.
Педагог - сарапшы әп - дегеннен жемісті жұмыс көрсетті. Абдолла мектебінің айбынды оқушылары аудандық “Айбын” әскери жиынының чемпионы атанды.
-Басқа басқа, әскери адамға жинақылық, ұқыптылық әрі тәртіп жарасады. Ал, әскери дайындық пәні мұғалімі - ол мектеп тәртібінің бейнесі. Оқушылар мұғалімге қарап бой түзейді. - дейді Айкүміс педогогтық қызметі туралы.
Айкүміс 2025 жылы Сырым аудандық полиция бөліміне қызметке алынды.
Китель киместен алдын Ақтөбе қаласындағы ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында екі айлық даярлық курсынан өтті. Курс әкімшілік полиция қызметін үйретті.
-Полиция саласы осал адамдарды таңдамайды. Сосын да шығар құқық қорғау органына қызметке қабылдану үшін мен 10 жыл уақытымды жұмсадым. Еш уақытта ештеңе де кеш емес. Бүгінде Сырым аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастырушымын. Бүгінде бөлімде 13 инспектор мен екі көмекші бар. Олардың еңбегі бағалауға тұрарлық. Полицияның айбары, қоғамдық тәртіптің қорушысы - учаскелік полиция инспекторлары! - дейді полиция лейтенанты Айкүміс Жауымбаева.
Айта кетейік, Сырым ауданындағы тәртіп сақшыларының сапына кейінгі жылдары 4 жас маман қосылған.
Б. Шерім,
“Сырым елі”