Президент бастамасымен халықтың қалауымен қабылданып, заңды күшіне енген Халықтық Конституция еліміздің демократиялық даму жолындағы тарихи бетбұрыс. Жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтқан, азаматтардың үнін еститін әділетті мемлекет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Елдің өткені мен бүгінін салыстыра отырып айтарым, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көптеген сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтті. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар елдің ертеңіне деген сенімді арттырып, заң үстемдігін, әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Талдыапан ауылдық округінің тұрғындары да бұл өзгерістерді зор қолдаумен қабылдайды. Ауыл халқы әрдайым ел бірлігі мен тұрақтылығын ең басты құндылық деп біледі. Еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген ауыл азаматтары мемлекет қолға алған игі бастамалардың нәтижесін күнделікті өмірде көріп келеді.
Соңғы жылдары ауданымызда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарылуда. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, ауылдың инфрақұрылымы дамып келеді. Бұл мемлекет тарапынан ауылды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын аңғартады. Осындай игі өзгерістер елдің ертеңіне деген сенімді нығайтып, тұрғындардың болашаққа деген үмітін арттыра түсуде.
Халықтық Конституцияның басты құндылығы – елдің бірлігі мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Заңға құрметпен қарап, ынтымақты сақтап, адал еңбек еткен халықтың ғана болашағы жарқын болады. Сондықтан біз, ардагерлер, кейінгі буынды елін сүюге, заңды құрметтеуге, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға тәрбиелеуді басты міндетіміз деп санаймыз.
Бірлігіміз бекем болып, еліміздің мерейі үстем, мемлекетіміздің келешегі кемел болсын!
Қыдырғали Жұмағұлов,
Талдыапан ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Казталов ауданы