Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Федерация PARYZ Bridge жұмыс берушілер рейтингінің қорытындысы бойынша еліміздің үздік жұмыс берушілерінің қатарына енді.

Фото: press-center
Ұйым қызметкерлер саны 250-ден 500 адамға дейінгі мекемелер арасында «Өнер, ойын-сауық, демалыс» саласы бойынша екінші орынға ие болды. PARYZ Bridge рейтингі жыл сайын корпоративтік мәдениеті жоғары, адами капиталды дамытуға және қолайлы еңбек жағдайын жасауға мән беретін үздік компанияларды анықтайды.
ҚТФ атқарушы директоры Медет Байкен бұл жетістіктің артында үлкен команданың еңбегі тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, Федерация жыл сайын өңірлерде жаңа теннис орталықтары мен корттарын ашып, жаңа жұмыс орындарын құруда. Сондай-ақ ол ұйым президенті Болат Өтемұратовтың стратегиялық көзқарасы мен тұрақты қолдауының арқасында теннис инфрақұрылымы мен кадрлар даярлауға, адами капиталға жүйелі түрде инвестиция құйылып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Анықтама бере кетсек, PARYZ — Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілерінің ұлттық конфедерациясы. Ол елдегі бизнес қауымдастығы мен жұмыс берушілердің мүдделерін біріктіріп, HR саласындағы үздік тәжірибелерді енгізуге және корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіруге ықпал етеді.