Батыс Қазақстан облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК филиалының мамандары өңірдегі автомобиль жолдарын салу нысандарында орындалған жұмыстар мен қолданылатын материалдардың сапасына тұрақты негізде сараптама жүргізіп келеді.

Сараптама барысында жол-құрылыс материалдарының сынамаларының нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес келмеу фактілері жиі анықталады. Оның ішінде асфальтбетон жабынынан алынған керн үлгілерін сынау нәтижелері бойынша да сәйкессіздіктер тіркеледі.

Сынақ нәтижелері теріс болған жағдайда филиал мамандары қайта төсеуге жататын учаскенің шекарасын анықтау үшін нысанға шығады.
Ақаулы учаскенің шекарасы екі әдіспен анықталады:
қосымша керн үлгілерін іріктеп алу арқылы;
TransTech Systems компаниясы шығарған PQI 380 бұзбайтын бақылау құрылғысын — асфальтбетонның тығыздығын өлшейтін ядролық емес электромагниттік тығыздық өлшегішті пайдалану арқылы.

PQI 380 құрылғысын қолдану асфальтбетон жабынының тұтастығын бұзбай, тығыздығы жеткіліксіз учаскелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұл қосымша сынақтардың көлемін айтарлықтай қысқартып, сапаны бақылаудың тиімділігін арттырады және қайта төсеуді қажет ететін учаскелердің шекарасын дәлірек анықтауға ықпал етеді.
ЖАСҰО БҚОФ баспасөз қызметі