4.08.2026, 16:00
Оқылды: 17

Заңсыз қаржы схемасы

Облыс бойынша  экономикалық  тергеп-тексеру  департаменті  «Imrat Group» қаржы  пирамидасының  заңсыз қызметіне  тосқауыл  қойды.  Тергеу  нәтиже-сінде  қаржы  пирамидасын ұйымдастырғандарға сот үкім шығарып, бес жылға бас бостандығынан  айырды.

Money Security, Wealth Safety and Security, Investment Danger and Crisis, Financial Danger Warning, Isometric Danger Warning Signage Behind a Pile of Money

Сурет: istockphoto.com

Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылғы қазан мен 2025 жылғы маусым аралығында қаланың екі тұрғыны алдын ала сөз байласқан. Облыс аумағында «Imrat Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің жұмысын ұйымдастырған. Күдіктілер кеңселер ашып, әлеужелілер мен «Telegram» мессенджері арқылы жарнамалаған. Сондай-ақ мол табыс әкелетін инвестициялық жобаларды насихаттап, азаматтарды тарту үшін түрлі презентация мен конференция өткізген. Заңды ұйымның қызметін көрсету үшін кеңселер жалға алып, жарнамалық материалдар әзірлеген. Оған қоса, бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырған. Алайда тергеуде құрылымның кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтыны анықталды. Бір қатысушыға төленетін сыйақы тек жаңа салымшылардың қаражаты есебінен берілген.

Аталған департамент мәліметіне қарағанда, заңсыз қаржы схемасына ондаған азамат тартылған. Олардың басым бөлігі – зейнеткерлер мен 25 жасқа дейінгі жастар.

Салынған қаражаттың жалпы көлемі 89,7 миллион теңгеден асқан. Сонымен қатар салымшылардан түскен ақша қолма-қол және қолма-қол ақшасыз тәсілдермен қабылданған. Бір бөлігі қатысушылар арасында реферальдық төлем ретінде қайта бөлініп, қалғаны криптовалютаға айырбасталған. Қаржы пирамидасының қызметін кеңінен насихаттауда әлеужелілер мен интернет-ресурстарда жарнамалық бейнероликтер орналастырылған. Соның салдарынан заңсыз схемаға қосымша азаматтар тартылып, көптеген адамға материалдық шығын келген. Соттың үкімімен кінәлілер бес жылға сотталып,  60 миллион теңгеден астам сомаға берілген азаматтық талап қанағаттандырылды. Қазіргі таңда үкім заңды  күшіне  енген  жоқ.

Қолғанат ҚОЖЫМ,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале