12.08.2026, 17:00
Оқылды: 9

Ар мен заңды ту еткен нәзік жан

Тергеуші десе, көз алдымызға, ойымызға өңі суық, сөзінен қаталдық ескен, темір жұтқандай қақшиып қалған жандар елестейтіні рас қой. Десек те, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды, кінәлі мен жазықсызды ажырату оңай емес. Әр адамның тағдырымен бетпе-бет келіп, ардан аттамай, әділ шешім іздейтін ол жандардың арасында нәзік жандардың да бар екенін ұмытпайық. Солардың бірі – Орал қаласы полиция басқармасына қарасты Абай полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция майоры Ақмарал Қарабалинамен жуырда кездесіп, әңгіме-дүкен құрудың сәті түскен еді.

ba199b1c-5c62-49e6-8a1f-d4fcbf76508d

Ол 1991 жылы 15 қазанда Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылында өмірге келген. Отбасында бес баланың ортасында тәрбиеленген. 2009 жылы туған ауылындағы орта мектептің 11-сыныбын тәмамдап, сол жылы Алматыдағы ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына оқуға түсіп, 1-курс студенті атанды. Академияны 2013 жылы полиция лейтенанты шенінде аяқтайды. Сол жылы Орал қаласы полиция басқармасына қарасты Абай полиция бөлімінің тергеу бөлімшесіне тергеуші қызметіне тағайындалды. Содан бері аталған бөлімшеде абыройлы қызмет атқарып  келеді.

– Шыны керек, менің бала күнімнен «Міндетті түрде тергеуші боламын» деген мақсатым болған жоқ. Ол кезде полиция қызметінің ішінде осындай түрлі бағыттар бар екенін де толық білмейтінмін. Біз үшін бәрі полиция қызметі болып көрінетін. Оның үстіне отбасымызда құқық қорғау құрылымдарында қызмет еткен ешкім болмағандықтан, бұл мамандықтың ерекшеліктерін де жете білмедім. Оқуды бітірген соң жаңа қызметке тергеуші болып тағайындалдым. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Бүгінде өз мамандығымды жақсы көріп, қызметімді жауапкершілікпен атқарып  жүрмін.

Жеке өмірім де қызметіммен тығыз байланысты. Күйеуім Марат Сағидоллаұлымен жұмыс барысында таныстым.

a8a6ebed-c76d-4ddd-9aee-7c579076d76d

Ол 1991 жылдың 21 маусымында Бөкей ордасы ауданының Жиекқұм ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда полиция майоры, Жаңақала аудандық полиция бөлімінде табиғатты қорғау бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады. Екеуміздің де қызметіміз ортақ болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Полицейдің жұмысы уақытпен санаспайды, кейде үйге кеш келетін, мереке күндері де қызметте болатын кездер аз емес. Осындай сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, түсіністік таныта білу – отбасымыздың басты құндылығы деп есептеймін. Бүгінде екі перзент тәрбиелеп отырмыз. Тұңғыш қызымыз 2022 жылы өмірге келсе, кенже қызымыз 2025 жылы көрінді. Қыздарымыз – біздің  ең үлкен бақытымыз әрі өмірдегі басты мотивациямыз, – дейді Ақмарал Аманкелдіқызы.

– Көп адам тергеушінің жұмысын тек қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаумен ғана байланыстырады. Бірақ бұл мамандықтың жауапкершілігі өте жоғары. Ішкі істер құрылымдарында тергеу саласын көбіне ең жауапты бағыттардың бірі, тіпті өзіндік бір «элита» деп те жатады. Тергеуші кабинетте отырып, тек құжат толтырмайды. Ол қылмыстық істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттейді, дәлелдерді саралайды, куәгерлерден, жәбірленушілерден, күдіктілерден жауап алады, сараптамалар тағайындайды. Жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және басқа да полиция қызметкерлері өз бағыттары бойынша жұмыс істегенімен, олардың жинаған материалдары ақыр соңында тергеуге келіп түседі. Сондықтан әрбір істің заңды бағасын беріп, оның сотқа жету-жетпеуіне тергеуші  жауапты  болады.

Тергеу барысында ең басты мақсат – ақиқатты анықтау. Егер жиналған дәлелдер қылмыстың болғанын толық дәлелдесе, іс прокуратураға жолданады. Прокуратура заңдылықтың сақталуын қадағалап, істі сотқа жібереді. Ал егер тергеу барысында қылмыс құрамының жоқ екені анықталса, заң талаптарына сәйкес тергеуші істі қысқарту, тоқтату немесе тергеу мерзімін үзу туралы шешім қабылдай алады. Яғни әрбір шешім заңға және нақты дәлелдерге сүйене отырып қабылданады. Сондықтан бұл қызметте әр құжаттың, әр дәлелдің және әрбір шешімнің салмағы өте ауыр. Қазіргі таңда аналитика бағытында қызмет етемін. Бұл жұмыс та тергеу қызметінің маңызды бір бөлігі. Біз Абай полиция бөлімінің аумағында тіркелген барлық қылмысқа талдау жасаймыз.

Жыл ішінде қанша қылмыс тіркелгенін, олардың ауыр, орташа және жеңіл санаттарын, сондай-ақ заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес қылмыстық теріс қылықтар бойынша көрсеткіштерді есептейміз. Жыл сайынғы статистиканы салыстырып, қылмыстың өсуі немесе төмендеуі бойынша талдау жүргіземіз. Бұл мәліметтер қылмыстық ахуалды бағалауға, оның себептерін зерделеуге және алдағы жұмысты тиімді жоспарлауға негіз болады, – деді Ақмарал Қарабалина.

Кейіпкерімізден қазіргі уақытта қандай қылмыс түрлері белең алып тұрғанын сұрадық. Оның айтуынша, соңғы жылдары интернет алаяқтық фактілері күрт көбейіп, ең өзекті мәселелердің біріне айналған. «Мен қызметке алғаш келген 2013 жылдары қылмыстың сипаты қазіргіден өзгеше болатын. Ол кезде көшеде ашық тонау фактілері жиі кездесетін. Қазір жастар «гоп-стоп» (тонау, қарақшылық) деп айтып жүрген қылмыс түрі сол кезде көп тіркелетін. Әсіресе жасөспірімдер мен оқу орнына жаңадан түскен студенттердің көшеде телефондарын, бағалы заттарын тартып алу фактілері жиі болды. Қазір ондай қылмыстардың саны айтарлықтай азайды. Ал соңғы бес жылда ең өзекті мәселеге айналғаны – интернет алаяқтық. Қазір бізге түсетін арыздардың басым бөлігі осы қылмысқа қатысты. Күніне он шақты арыз түссе, соның жеті-сегізі интернет алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс ретінде тіркеледі. Бұдан бөлек тексеруді қажет ететін көптеген өтініш те болады. Оның үстіне арыздардың барлығы бір ғана Батыс Қазақстан облысынан емес, еліміздің басқа өңірлерінен де келіп жатады. Бұрын алаяқтар үйдегі телефонға хабарласып, әсіресе жалғыз тұратын қарияларды алдайтын. «Немереңіз жол-көлік оқиғасына түсті», «Жақыныңыз қиын жағдайға тап болды» деп қорқытып, ақша аудартатын. Қазір заман өзгерді. Алаяқтар әлеуметтік желілерді пайдаланады. Түрлі сілтемелер жіберіп, жалған хабарламалар таратады, банк немесе мемлекеттік құрылым қызметкері болып хабарласып, адамдардың сеніміне кіреді. Қылмыстың бұл түрін дәлелдеу де жылдан жылға қиындап барады.

Өйткені алаяқтар ақпараттық технологияларды өте жақсы меңгерген. Олар ақшаны өз есепшотына аудартпайды. Электронды әмияндарды, түрлі төлем сервистерін немесе абоненттік нөмірлер арқылы төлем қабылдау тәсілдерін пайдаланады. Бірреттік телефон нөмірлерін қолданып, артынан олардан бірден бас тартады. Осындай әрекеттер олардың ізін анықтауды қиындатады. Сонымен қатар соңғы жылдары қылмыстың алдын алу бағытында да көптеген өзгеріс жасалуда. Бұрын SIM-картаны кез келген жерден оңай сатып алуға болатын болса, қазір оны рәсімдеу кезінде жеке сәйкестендіру нөмірі, жеке куәлік деректері талап етіледі, 1414 қызметі арқылы растау жүргізіледі. Мұның бәрі – қауіпсіздікті күшейтуге  бағытталған  шаралар.

Жылдар өте келе адамды тани түсесің. Өз тәжірибеме сүйенсем, адамның қандай екенін білу үшін кейде бір апта да жеткілікті. Оның сөйлеген сөзіне, эмоциясына, іс-әрекетіне қарап-ақ белгілі бір қорытынды жасауға болады. Сол сияқты мектептерде де құқықбұзушылыққа немесе қылмысқа бейім оқушыларды ертерек байқап, олармен алдын алу және тәрбие жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар. Мұндай жұмыс нәтижелі болады деп ойлаймын. Ал күнделікті өмірде, мысалы, кафе немесе мейрамханаларда болатын төбелестердің алдын алу әлдеқайда қиын. Өйткені ол әр адамның өз әрекеті мен таңдауына, аяқ астынан пайда болатын факторларға байланысты жағдай. Сондықтан мұндай оқиғаларға жеке жауапкершілік маңызды рөл атқарады. Ел арасында «заңды әркім өз ыңғайына қарай түсіндіреді» деген мағынадағы сөз жиі айтылады. Осы тұрғыдан алғанда, қылмысты толықтай, түп тамырымен жою оңай емес. Меніңше, қылмыс ешқашан жоғалып кетпейді. Дегенмен уақыт өте келе қоғамның құқықтық мәдениеті жоғарылап, мұндай жағдайлар азаяды деген сенім бар. Мүмкін, оған ондаған жыл қажет болар. Кейбір шетелдерде адамдар жоғалған затқа қол сұқпайды, иесі келіп алады деген түсінік қалыптасқан. Ал бізде, өкінішке қарай, кей жағдайда қараусыз қалған затты бірден алып кететіндер кездеседі. Әрине, жоғалған затты тауып, иесіне қайтарып беретін адал адамдар да бар. Бірақ мұндай мысалдар жиі кездесе бермейді. Сондықтан қылмыстың азаюы, ең алдымен заңның қаталдығына ғана емес, қоғамдағы тәрбиеге, азаматтардың жауапкершілігіне және адалдық құндылықтарының қалыптасуына байланысты деп есептеймін», – дейді сала маманы.

Сөз соңында Ақмарал Аманкелдіқызынан өмірлік ұстанымы мен оған күш-жігер сыйлайтын басты құндылық туралы сұрадық.

- Менің өмірлік ұстанымым – елге адал қызмет ету. Осы қызметтің арқасында отбасымыздың несібесін тауып, адал еңбекпен өмір сүріп келеміз. Адал еңбекпен келген табыстың да берекесі болады деп сенемін. Сондай-ақ жұмыста алдыма нақты мақсат қойып, оны сапалы орындауға бар күшімді саламын. Ал қызмет орнынан үйге қайтқанымда жұмыстың барлық мәселесін сол жұмыс бөлмесінде қалдыруға тырысамын. Үйге қызметтің ауыртпалығын алып бармаймын. Үйдің табалдырығын аттағанда ата-енеме келін, жұбайыма жар, қыздарыма ана болуға тырысамын. Мен үшін қызмет пен отбасының арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.

Қызметте маған ең үлкен жігер беретін – екі қызым. Барлық еңбегім мен талпынысым олардың жарқын болашағы үшін. Тұрмысқа шыққанға дейін менде жұмыстан өзге ештеңе болмағандай еді. Демалыс күндері де еңбек етіп, жұмыстан ешқашан жалыққан емеспін. Ұжымдағы әріптестеріммен бір-бірімізді қолдап, әзілдесіп жүргеннің өзі жұмыстың ауырлығын жеңілдетеді. Тұрмыс құрғаннан кейін төрт жылдан соң тұңғыш қызым дүниеге келді. Осы уақытқа дейін «Жұмыстан шаршадым, кеткім келеді» деген ой санама келген емес. Дегенмен ана ретінде жүрекке бататын сәттер болады. Кейде қыздарым сырқаттанып қалғанда қызметтік міндетке байланысты олардың жанында бола алмаймын. Балабақшадағы мерекелік іс-шараларына немесе сенбіліктеріне де қатыса алмайтын кездер кездеседі. Себебі кейде таңсәріден дабылмен жұмысқа шақырады, кейде маңызды жиналыстар ерте белгіленеді. Осындай сәттерде жүрегім қиналады. Соған қарамастан өз мамандығымды ерекше жақсы көремін. Мен үшін ең үлкен мақсат – осы қызметте абыроймен еңбек етіп, абыроймен зейнетке шығу, – дейді отбасының ұйытқысы Ақмарал Қарабалина.

Гүлфия ҚОЛҒАНАТОВА,

«Орал өңірі»

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале