Орал қалалық әкімдігі және қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы тұрғындарды хабардар ету мақсатында қосымша формат жүзеге асырылды, деп хабарлайды Орал қаласының аумақтық сайлау комиссиясы.

Фото: Орал қаласының аумақтық сайлау комиссиясы
Қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатын теміржол вокзалы, қалалық әуежай және шаһардағы ең ірі сауда үйі саналатын "Сити Центр" сауда орталығынан арнайы бекеттер ашылды. Ол жерлерде облыстық жастар ресурстық орталықтың құрамындағы студент жастар келушілерге сайлау туралы ақпараттар жазылған бағдарламалық парақшалар таратуда.

- Алдағы өтетін саяси науқанды тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы бекеттер орнатылды. Бұл жерлерде студент жастар келушілерге Құрылтай сайлауы қашан өтетіндігі, кімдердің дауыс бере алатындығы, қандай құжаттар қажет болатындығы, ақпаратты қайдан алуға болатындығы, call-орталықтардың телефон нөмірлері секілді маңызды ақпараттар жазылған парақшалар мен плакаттарды тегін таратады. Аталған бекеттер таңертеңгі 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді. Сонымен қатар қала бойынша Oralsaylau.kz интерактивті картасы да қалыпты жұмыс жасап тұр, - дейді қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М. Давлетжанов.

