14.08.2026, 19:00
Оқылды: 174

Оралда «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға» атты облыстық тамыз конференциясы өтті

Бұл туралы БҚО білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

WhatsApp Image 2026-08-14 at 18.14.06

Фото: БҚО білім беру басқармасы

Биылғы конференция қарсаңында облыстың 9 ауданы мен Орал қаласында секциялық отырыстар ұйымдастырылып, оған 2 мыңға жуық педагог қатысты. Онда білім сапасын арттыру, заманауи педагогикалық тәсілдер, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу, тәрбие жұмысы, ауыл мектебін дамыту және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Пленарлық отырысқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қатысып, жаңа оқу жылындағы білім беру саласының басым міндеттеріне тоқталды. Жиында білім сапасын арттыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, ауыл мектептерін дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту, техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру, сондай-ақ оқушылардың азаматтық-патриоттық тәрбиесін нығайту бағыттары сөз болды.

Отырыста ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Ғалымжан Алматов, БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин және республикалық «UstazAI» педагогикалық хакатонының жеңімпазы, БҚО жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Ұлан Бақытжан өз тәжірибесімен бөлісті. «UstazAI» хакатонының жеңімпаздары жақында Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасып, білім берудегі цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолданудың халықаралық тәжірибесімен танысып қайтқан болатын.

Сондай-ақ конференция аясында республикалық және өңірлік IT-компаниялардың көрмесі ұйымдастырылып, заманауи цифрлық шешімдер, жасанды интеллект құралдары мен инновациялық жобалар таныстырылды. Шара соңында білім беру саласына еселі еңбек сіңірген ардагерлер мен педагогтер марапатталды.

WhatsApp Image 2026-08-14 at 18.14.08

Министрліктің ведомстволық наградалары бойынша «Еңбек ардагері» медаліне 4 педагог, «Ыбырай Алтынсарин» медаліне 6 педагог, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісіне 7 педагог, Құрмет грамотасына 2 педагог, алғысқа 10 педагог және «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломына 1 педагог ие болды. Сонымен қатар облыс әкімінің алғысхатымен 43 педагог марапатталып, олардың кәсіби еңбегі жоғары бағаланды.

Тамыз конференциясы жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындап қана қоймай, педагогтердің тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен заманауи шешімдерді ортаға салуына мүмкіндік берген маңызды кәсіби алаң болды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале