19.08.2026, 10:00
Оқылды: 12

Жаңа міндеттің бірі – білім беруді цифрлық тұрғыда трансформациялау

Оралда білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық тамыз конференциясы өтті. Биылғы басқосу «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбына арналды. Пленарлық отырысқа облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов, педагогтер мен ардагер ұстаздар қатысты.

DSC00025

Жиын ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың құттықтау сөзімен ашылды. Бейнебайланыс арқылы өңір педагогтерін тамыз кеңесінің ашылуымен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.  Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Жаңа оқу жылына дейін өңірде сегіз жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның жетеуі «ҚПО б.в.» компаниясы, ал біреуі жергілікті бюджет есебінен салынып жатыр. Біз балалардың интеллектуалдық, шығармашылық және инженерлік қабілетін дамытуға да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сол жобалардың бірі – «Шахмат негіздері» курсы. Соңғы үш жылда бұл жобаға 183 мектеп қатысты. Алдағы оқу жылында барлық мектептің бастауыш сыныптары осы курсты оқиды. 2025-2026 оқу жылында біздің өңір мектептерге шахматтың вариативтік курсын енгізуден республикада І орынға шықты. Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан атындағы мектептің 1 «б» - сынып оқушылары FIDE EDU халықаралық фотобайқауында І орын алды. Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасына сәйкес өңірімізде облыс әкім-дігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондықтан білім беру ұйымдарын, педагогтер мен оқушыларды осы бастамаға белсенді қатысуға шақырамын. Бүгінде білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқушылардың цифрлық құзыреттілігін қалыптастырып, оларды болашақтың технологияларына бейімдеу, – деді Қайыржан Меңдіғалиев. Аймақ басшысының орынбасары өңірде жасанды интеллект технологияларын білім беру мен тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану бойынша да нәтижелі жұмыстар бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол IT, инженерлік және робототехникалық білімді қолдау алда тұрған маңызды міндеттер екеніне екпін түсірді. Мәселен, биыл Корея Республикасында робототехникадан өткен FIRST халықаралық шемпионатында Оқушылар сарайының «Toro Doro» командасы 545 балл жинап, әлемдік рекорд орнатты. Ал Түркида өткен Drone Soccer халықаралық турнирінде облыс оқушылары әлем шемпионы атанған. Биыл көптеген педагог жоғары мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болған. Бір ұстаз «Құрмет» орденін, 10-ы – «Ерен еңбегі үшін», 22-сі – «Еңбек ардагері» медалін, 14-і – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін, 28-і «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алған. Ал алты білім беру мекемесі республикалық олимпиаданың нәтижесінде «100 үздік мектеп» тізіміне  енген.

DSC00060

– Жаңа оқу жылы алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Солардың бірі – білім беруді цифрлық трансформациялау. Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін жүйелі түрде дамыту, оқытуда жасанды интеллектті пайдалануды кеңейту, сондай-ақ IT, инженерлік және робототехникалық білім беруді қолдау қажет. Біздің міндетіміз – әрбір балаға сұранысқа ие білім мен дағдыларды игеретін заманауи білім беру ортасын құру. Бұл ретте мына жайтты ұмытпауымыз керек. Ешқандай технология мұғалімнің орнын баса алмайды. Баланың тұлғасын, оның құндылықтарын, жауапкершілігін және өз еліне деген қарым-қатынасын қалыптастыратын – дәл осы педагог, – деген Қайыржан Меңдіғалиев ұстаздарға шығармашылық табыс пен жетістіктер тіледі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин өз сөзінде өткен оқу жылының негізгі нәтижелеріне, алдағы басым бағыттарға назар аударды. Бүгінде өңірде 571 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 380-і – мемлекеттік, 191-і – жекеменшік. Бұл ұйымдарда 32 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Кейінгі екі жылда 42 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылып, 3067 қосымша орын құрылды. Соның нәтижесінде балабақша кезегінде тұрған балалар саны 2000-ға жуық қысқарды. Өткен оқу жылында облыстың 382 білім беру ұйымында 126 мыңнан астам оқушы білім алды. Шәкірттердің білім жетістіктері мониторингінің (МОДО) қорытындысы облыстағы білім сапасы республикалық орташа деңгейден жоғары екенін көрсетті. Атап айтқанда, оқу сауаттылығының көрсеткіші республика деңгейінен 32 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 24 балға, ал математикадан 12 балға жоғары болды.

– Өткен оқу жылында 71 жалпы білім беретін мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаражаты есебінен 2 млрд 151 млн теңгеге 151 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталды. Олардың қатарында ғылыми, цифрлық және әмбебап кабинеттер бар. Бұл оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға, заманауи білім беру технологияларын оқу үдерісіне тиімді енгізуге және пәндерді терең меңгеруге мүмкіндік береді. Білім сапасының ең маңызды көрсеткіштерінің бірі – дарынды балаларды анықтау, қолдау және олардың қабілетін дамыту. Оқу жылы қорытындысында сегіз оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанса, 57-сі республикалық олимпиадалардың жүлдегері болды. Ал 26 оқушы республикалық ғылыми жобалар конкурсында үздік нәтиже көрсетті. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде облыс қоржынына 3 алтын, 11 күміс және 14 қола медаль түсті. Осы жетістіктердің нәтижесінде облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2026» атағының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Қуантатын тағы бір жайт – ауыл мектептерінің де әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Бұған Бөкей ордасы ауданындағы Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Анида Ахметкерееваның республикалық «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атануы айқын дәлел, – деді Елдос Набиоллаұлы.

DSC09804

Басқарма басшысы республикадағы алғашқы дрон фестивалінің өңірде ұйымдастырылуын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – инженерлік білім беру мен техникалық шығармашылықты дамыту бағытындағы үздік жұмыс. Еліміздің барлық өңірінен келген үздіктердің арасынан облыс командасы АҚШ-қа жолдама алды.

Елдос Набиоллаұлы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де тоқталды.  Бүгінде облыстағы 35 колледждің 26-сы – мемлекеттік, 9-ы – жекеменшік. 15 000-нан астам студенттің 69%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуда. Биыл өңірге 4 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. 21 мемлекеттік және 3 жекеменшік колледжінде 42 мамандық пен 68 біліктілік бойынша дуалды оқыту енгізілген. Үш мыңнан астам студент кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден  өтуде.

– Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу – білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Буллингтің алдын алу бағытында жаңа оқу жылынан бастап «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы жаңартылған сипатта енгізіледі. Бағдарлама балалардың қауіпсіздігін күшейтіп, педагогтер мен ата-аналардың жауапкершілігін арттырады.

Биыл алғаш рет білім беру бөлімдерінің қызметіне кешенді рейтинг жүргізілді. Бұл – басқару сапасы мен нәтижелілігін бағалаудың жаңа тетігі. Рейтингтің басты ерекшелігі – бағалау нәтижелерінің жасанды интеллект технологиялары арқылы аутоматты есептелуі. Рейтинг қорытындысында арнайы аталымдарға ие болған Сырым, Тасқала, Бәйтерек және Орал қаласы білім бөлімдерінің әрқайсысына 1 миллион теңгенің сертификаттары табысталды. Ал Казталов ауданы ІІІ орын (1,5 миллион теңге) Бөкей ордасы ауданы ІІ орын (2 миллион теңге), Шыңғырлау ауданы І орын (2,5 миллион теңге) алды. Үш миллион теңгелік бас жүлде Ақжайық ауданының білім бөліміне табысталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және OpenAI компаниясымен жасалған меморандум негізінде облыс педагогтеріне 6 740 ChatGPT Edu лицензиясы берілді. Бұл педагогтердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге, оқу процесін жетілдіруге, қысқа мерзімді жоспарлар мен бағалау материалдарын әзірлеуге, зерттеу жұмысын ұйымдастыруға және білім беру мазмұнын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Өңірде цифрлық трансформациялау бағытында бірқатар пилоттық жоба іске асырылуда. «AI Mektep» жобасы жалпы орта білім беретін төрт мектеп пен екі колледж базасында енгі-зіліп, оң нәтиже көрсетті. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында SmartNation цифрлық платформасы енгізілуде. Пилоттық жоба облыстық Жоғары аграрлық-техникалық колледжінде сынақтан сәтті өтті. Бүгінде барлық колледжге кезең-кезеңімен таратылуда. Платформа оқу, әкімшілік, кадрлық және қаржылық үдерістерді бір жүйеге біріктіріп, жасанды интеллект көмегімен қатысу, үлгерім және қауіпсіздік көрсеткіштерін талдап, басқарушылық шешім қабылдауға арналған аналитикалық деректер ұсынады. Қосымша білім беру саласында DARTS платформасы облыстың 10 ұйымында пилоттық режімде іске асырылуда. Ал жалпы білім беретін мектептерде кәсіптік бағдар беруді жаңа деңгейге көтеру үшін Daryn AI Bagdar платформасы бес мектепте сынақтан өткізілуде, – деп атап өтті басқарма  басшысы.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан негізгі жұмыс пен алдағы міндеттерге тоқталды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған, халықаралық стандартарға сай 217 жаңа «Темірқазық» мектеп  салынады.

– Білім мазмұнына да бірқатар өзгеріс енгізілді. Бастауыш білім беруде оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылықты нығайтуға басымдық беріледі. Бірінші қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталады. 5-9-сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға назар аударылады. Жоғары сыныптарда негізгі пәндерді міндетті оқыту көзделеді. Сонымен қатар биылғы оқу жылында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан», «Зерделі ұлт» идеяларын жас ұрпақтың бойына сіңіруге, «Мектеп-ата-ана-қоғам» ынтымақтастығын нығайтуға басымдық беріледі. Біздің басты мақсатымыз – білім берумен ғана шектелмей, сыни ойлайтын, креативті, құндылықтары берік, өзгермелі еңбек нарығына бейімделе алатын, үздіксіз білім алуға және аянбай еңбек етуге дайын ұрпақ тәрбиелеу, – деді Ғалымжан Алматов.

Ы.  Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім институты директорының орынбасары Пернегүл Таубай жаңа оқу жылындағы білім мазмұнындағы негізгі өзгерістер жөнінде баяндады. Қыркүйектен бастап ҚР Конституциясы мен Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес орта білім беру мазмұнына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Яғни мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. Білім беру стандарты алғаш рет халықтық Конституцияның нормаларына сәйкестендірілді. Ата заңның 33-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандартын белгілейтіні және барлық білім ошағының қызметі осы құжатты басшылыққа алатыны нақтыланды. Ал 33-бабының 1-тармағын іске асыру шеңберінде аталған стандартта білім беру ұйымдарында бастауыш және негізгі орта білімді ақысыз алуға құқығы мен міндеттілігі нақты бекітілді. Аталған баптың 5-тармағына сәйкес білім беру ұйымдарының зайырлы сипаты және оқу-тәрбие процесінің зайырлылық қағидаты негізінде ұйымдастырылатыны стандарт деңгейінде бекітілді. Пернегүл Таубайқызы айтып өткендей, пәндерге қатысты да өзгерістер бар.

Мәселен, 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді. Енді жасанды интеллект (ЖИ) цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Бұл пәндер балалардың цифрлық технологияларды саналы қолдану мәдениетін қалыптастыру, кәсіпке даярлауға ықпал етуге бағытталған.

– Құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға байланысты бірнеше пәнде атаулы өзгерістер бар.

Жаңа Конституцияға байланысты 9-10-сыныптарға арналған «Құқық негіздері» пәнінің бағдарламасы жетілдірілді. Сонымен қатар құқықтық тәрбие мен азаматтық құндылықтарды нығайту мақсатында жекелеген курстар енгізілді. 5-7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп» оқукурстары оқытылады. Ал бесінші сыныптан бастап «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілді. «Бастапқы әскери даярлық» пәнінің жетілдірілген үлгілік бағдарламасы бар. Тілдерді кезең-кезеңімен оқыту аясында 5-сыныптарда орыс тілі мен ағылшын тілдері жаңартылған үлгілік оқу бағдарламасымен оқытылады, – деді Пернегүл Таубайқызы. Сондай-ақ ол 2-4-сыныптардағы бағалаудың жаңа тәртібі, аралық бағалау, тоқсандық қорытынды бағаны қою тәртібі жөнінде де түсіндіріп өтті.

Пленарлық отырыста сондай-ақ БҚИТУ Білім және менеджмент институты Ғылыми жұмыстар және цифрландыру департаментінің басшысы Зинұр Мұхтар жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің жаңа кәсіби траекториясы туралы айтты. Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтіп келген Батыс Қазақстан жоғары медициналық  колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ұлан Бақытжан өзінің жиған тәжірибесін ортаға салды.

Іс-шара барысында білім беру саласына елеулі үлес қосқан бірқатар мұғалім марапатталды. Алмабек Жанғалиев (Бөкей ордасы ауданы, М. Бабажанов атындағы ЖОББМ), Ақмарал Жекенова (Шыңғырлау ауданы, А. Тихоненко атындағы ЖОББМ) бастаған бірнеше

педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Айжан Баймурзилова, Ғалия Искакова, Ақкенже Хайруллина мен Салиха Биғалиева «Еңбек ардагері» медалін өңіріне тақты. Сондай-ақ бір топ ұстаз облыс әкімінің алғысхатымен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен және ҚР Оқу-ағарту министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Конференция аясында замануи білім беру технологиялары мен жаңа бастамаларға арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме «Инновациялық шешімдер», «Функционалдық шешімдер» (Smart campus) және «Интеллектуалдық шешімдер» (ECO & INTERACTIVE) атты үш негізгі бағытты қамтыды. Білім беру саласына енгізіліп жатқан ЖИ, цифрлық технологиялар, VR, роботтықтехника және STEM шешімдері таныстырылды. Мәселен, «Қазақтелеком» АҚ жасанды интеллект негізінде буллингтің алдын алу, ерте анықтау және білім алушылар үшін қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыруға бағытталған «AI Mektep» цифрлық жобасын ұсынды. «Daryn Ustaz» ЖШС цифрлық білім беру және жасанды интеллект платформаларын көрсетті. Олар оқушылардың білімін арттыруға, ҰБТ-ға дайындалуға және педагогтердің жұмысын цифрландыруға мүмкіндік береді.

Бибігүл Ғабдрахманова, Орал қалалық №41 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Мен 37 жылдан бері жас ұрпаққа білім беріп келемін. Шәкірттерім көптеген жетістікке жетіп жүр.

Биылғы оқу жылында да балалардың алар асуы көп болады деп ойлаймын. Біз, ұстаздар, тек шәкірттеріміздің білім нәтижесімен ғана мақтанамыз. Тамыз конференциясы – оқу жылының бастауы. Бүгін мені «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттады. Өте қуаныштымын. Толқып та тұрмын. Себебі 37 жыл – бір адамның ғұмырындай уақыт. Бұл – үлкен нәтиже. Ақжайық ауданында әр жылдары түрлі мектепте мұғалім болдым.  Қаратөбе мектеп-гимназиясында өткен еңбек жолымды ерекше атап өткім келеді. Мен сонда жүргенде 1999 жылы алғаш рет облыстық «Жыл мұғалімі» байқауына қатыстым. Кейін қызмет еткен облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп те мені педагог ретінде  шыңдай  түсті.

Жандос МЕНДЕШҰЛЫ, «Балдырған» мемлекеттік балабақшасының «Робототехника» педагогі, Сырым ауданы:

– Мен көрмеге «Aibarys» роботтық техника платформасын әкелдім. Бұл – мектепке дейінгі жастағы балаларға роботтық техникадан білім беретін платформа. Яғни 3-5 жасар бүлдіршіндер жасанды интеллекттің тапсырмасымен Қазақстанның қалаларына экологиялық саяхат жасайды. Сондай-ақ мамандықтармен де танысады. Мысалы, Ақтөбе облысында жылқышыға, Маңғыстауда теңізшіге қатысты ақпараттар беріледі. Платформаның ата-аналардың және педагогтердің балалармен жұмыс істеуіне арналған нұсқаулықтары да бар. Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Ол ең алдымен логикалық ойлау мен ұсақ моториканы жақсы дамытады. Әсіресе ерекше білімді қажет ететін балаларға аса пайдалы.

Айтжан ДАУМОВА, Орал қалалық №41 мектеп-лицейінің директоры, «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы:

– Биыл «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беруге арналған конкурстың қалалық және облыстық кезеңдерінен өтіп, 68 млн теңге ұтып алдық. Бұл қаражатты мектептің материалдық жағдайын жақсартуға жұмсаймыз. Барлық партаны жаңартамыз. Мектептің бірінші қабаты жөнделеді. Қосымша бейнебақылау камераларын аламыз. Аталған байқауда білім сапасы, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүргізілу барысы, оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктері секілді басқа да барлық бағыт есепке алынады. Ұстаздардың сапалық құрамы да ескеріледі.  Біздің мектеп бұл байқауға төрт жыл қатарынан қатысып, биыл жеңімпаз атанып отыр. Өте қуаныштымын. Мектеп-лицейде жыл сайын 600-ге жуық оқушы  білім  алады.

Ясипа РАХИМҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале