Сырым ауданында білім саласында 16 жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, «Үздік педагог» атанған Гүлдана Нұғманова №291 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған еді.

Қазіргі таңда Қадыр Мырза Әли атындағы мектепте қызмет атқарып, шәкірттері республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда топ жарып жүрген білікті маман маңызды қоғамдық іске белсенділік танытып, азаматтық ұстанымын көрсетті.
Сонымен қатар осы аудан орталығындағы №291 сайлау учаскесіне дауыс беруге келгендердің арасынан Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы «Жас техник» үйірмесінің жетекшісі Нұрбол Жәңгірханов ерекше көлігімен көзге түсті. Ол сайлау учаскесіне балаларға техниканы үйрету мақсатында арнайы әкелінген автокартингпен келіп, өз таңдауын жасаған болатын.

Бұл салаға 15 жыл ғұмырын арнаған Нұрбол Батырғалиұлы бүгінде 36 оқушыға жетекшілік етіп, олардың ұшақ, зымыран, автороботтар мен дрон құрастыруына мұрындық болып келеді. Автокартинг балаларға көлік басқарудың бастапқы дағдыларын меңгертіп, күтпеген жағдайда жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Дегенмен, үйірме жетекшісі осындай жұмыстарды одан әрі дамыту үшін техникалық құрал-жабдықтар мен қажетті бөлшектер алуға қаржылай қолдау қажет екенін атап өтті.
Қ. Жеңісұлы,
Сырым ауданы