28.08.2026, 12:30
Оқылды: 18

«Игіліктің» игілігі: дат құнажындары қазақ даласына келді

Батыс Қазақстан облысы – ірі қараны өсіру жөнінен үздік өңірлердің бірі. Облыста асыл тұқымды мал бағатын шаруашылықтар көбейіп келеді. Іскер азаматтар қатарында «Арыстанов» шаруа қожалығының жетекшісі Әзілхан Арыстанов алыстан мал алдыртып жатыр екен. Анау-мынау емес, Даниядан келетін тұқым. Жақсы істі көрмекке демекші, импорттау үдерісіне куә болу үшін Ақтөбе қаласына жол тарттық. Тура Әлия Молдағұлова атындағы әуежайға табан тіредік. Мемлекеттік бағдарламаның да ықпалы болғасын шығар, бұл сапарымызға «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мұрындық болды.

DSC01276

Алып әуе кемесіне тиелген 148 бас ірі қара мал алыс жолды еңсеріп, Даниядан келді. Тұқымы – қызыл дат. Ірі қараның әуемен ұшып келгенін алғаш рет көрген соң, мұның төңірегіндегі қам-қарекет қызық көрінді. Байқасақ, құнажындарды контейнерлерге дене тұрқына қарай бес-алтаудан тиеген. Ағаш қораптағы асыл тұқымды мал жүк көліктеріне трактордың арнайы тіркемесімен жеткізілді. Енді олар Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылындағы «Арыстанов» шаруа қожалығына жол тартпақ.

Арыстанов
Осында Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин мен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Ұзықанов та келді. Елге ұшақпен мал алып келудің себебін түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, бұл құнажындар республикада алғаш рет «Игілік» бағдарламасы бойынша сатып алынды. Бір малдың құны – жеткізу шығынын қоса есептегенде, шамамен, 2 млн теңге.

DSC01160
– Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалану, соның ішінде мал шаруашылығын дамыту жөнінде нақты тапсырма берді. Биыл ел Үкіметінің қаулысымен мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Онда әр өңірдің әлеуетіне сәйкес индикаторлар белгіленді. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары іске қосылды. Өңірде 22 ауыл шаруашылығы құрылымы 15 мың бас мал сатып алуды жоспарлап отыр. «Арыстанов» шаруа қожалығының жетекшісі Әзілхан Жолдығалиұлы республикада алғашқы болып «Игілік» бағдарламасының аясында шетелден мал әкелді. Өңір фермерлері қос бағдарламаға қызығушылық танытуда, – деді басқарма басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы.

Узыканов

«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Ұзықанов айтып өткендей, фермерлер жеңілдетілген несие алу үшін корпорацияға жүгінуі керек. Бүгінде «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларын қаржыландыру үшін «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Аграрлық несие корпорациясы арасында жалпы құны 20 млрд теңгенің келісімі жасалған. «Игілік» бағдарламасы ауқымында асыл тұқымды мал сатып алуға 1 млрд теңгеге дейін, ал «Береке» бағдарламасы бойынша ірі партиялар үшін 5 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырылады.
Шетелден жеткен малды түгендеген «Арыстанов» шаруа қожалығының жетекшісі Әзілхан Арыстановты да сөзге тарттық. Ол 2024 жылы СҚО тәжірибесі негізінде тауарлы-сүт фермасын салуды қолға алған. Күні бүгінге дейін шетелден голштин асыл тұқымды мал әкеліп, игілігін көріп отыр. Былтырдан бері «Дәрумен» сауда белгісімен табиғи сүт өнімдерін шығарады. Мал азығын да шаруашылықтың өзі қамдайды. Енді 400 басқа есептелген сүт фермасы Даниядан тасымалданған құнажындармен толығып, өндіріске серпін бермек. «Игілік» бағдарламасының игілігін пайдаланып, жоспарлаған малды елге жеткіздік.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті малды да тез тауып алдық, қаражат та көп күттірмей қолымызға тиді», – деді Әзілхан Жолдығалиұлы. Фермер сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуға үмітті.

DSC01291

Асыл тұқымды малды қысқа мерзімде әрі қауіпсіз жолмен тасымалдау үшін әуе көлігі тиімді. Енді даниялық құнажындардың жаңа мекеніндегі тіршілігі басталады. Сала мамандарының айтуынша, бұл өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бірі ғана.

Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»,
Орал – Ақтөбе – Орал

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале