14.10.2026, 16:00
Оқылды: 9

Шұбаттан камелчиноға дейін: Қазақстанда түйе сүтіне арналған стандарт әзірленді

Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған ұлттық стандарт бекітілді. Стандарт өнімге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеп, отандық кәсіпорындардың өнім түрлерін кеңейтуіне және экспортты дамытуына бағытталған. Құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

3d46cf1c11a1c74060d7b3088274486cd8a7b2a5b59ecf8d8d530eec1c9032b8_1280x720

Сурет: gov.kz

«Пастерленген түйе сүті. Техникалық шарттар» деп аталатын ҚР СТ 4050-2026 стандарт Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 41-НҚ бұйрығымен бекітілді.

Құжатты 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында «ҚазСтандарт» РМК әзірледі. Өтінім беруші — «Антиген» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС.

Қазақстанда түйе сүті дәстүрлі түрде шұбат пен қымыран сияқты ашытылған сүт сусындарын дайындау үшін қолданылады. Соңғы 15–20 жылда оған деген әлемдік қызығушылық артып, одан өндірілетін өнім түрлері көбейді.

Түйе сүтінен балмұздақ пен конфитюр өндіріледі. Сондай-ақ ол кофеге қосылады. Мысалы, капучиноның бір түрі — камелчино дайындау үшін пайдаланылады. Мұндай өнімдерді өндіруде пастерленген түйе сүті қолданылады.

Жаңа стандарт өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне, таңбалануына, қапталуына, тасымалдануына және сақталуына қойылатын талаптарды белгілейді. Сонымен қатар құжатта ортақ терминология, өнімдерді жіктеу және олардың сипаттамаларын бағалауға арналған көрсеткіштер айқындалған.

Стандартты қолдану өндірушілерге ішкі және сыртқы нарықтарға арналған өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспортты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері қарастырылып отыр.

Бірыңғай талаптар қазақстандық өндірушілерді қолдауға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бұл бағытты дамыту экспорттық өнім түрлерін көбейтіп, өнімдердің шетелде танымалдығын арттыруға да мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале