«AUYL SPORT – 2026» өңірлік турнирінде шыңғырлаулық шахматшылар жүлделі орындарға ие болды.

Орал қаласында ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «AUYL SPORT – 2026» өңірлік турнирі аясында шахматтың рапид түрінен жарыс өтті. Ақыл мен алғырлықты, терең ой мен шапшаң шешім қабылдауды талап ететін сайыста Шыңғырлау ауданының жас шахматшылары жоғары нәтиже көрсетіп, аудан мерейін үстем етті.
Шахмат – тек ойынды ұту емес, әрбір жүрісті алдын ала есептеп, қарсыластың әрекетін болжай білуге үйрететін зияткерлік спорт түрі. Әр партияда ойыншылардың сабыры, зейіні мен логикалық ойлау қабілеті сынға түседі. Осы жолы да жас спортшылар тақта басында өздерінің дайындық деңгейі мен шеберлігін танытып, тартысты бәсекеде бақ сынады.
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар бірнеше кезеңде өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Шыңғырлау аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының шахмат үйірмесінде білім алып жүрген оқушылар төрт жүлделі орынға ие болды.

Атап айтқанда, Кәусар Адақ 10 жасқа дейінгі қыздар арасында І орын иеленіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Інжу Сәлімжан 14 жасқа дейінгі қыздар арасында ІІ орынға, Төрежан Бақытжанов 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында ІІ орынға, ал Дастан Шотпанов 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында ІІІ орынға қол жеткізді.
Жарыстың басты жетістіктерінің бірі Адақ Кәусардың жеңісі. Ол қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Бұл жас шахматшының табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі әрі алдағы үлкен додаға бастар маңызды қадам.

Жас шахматшылардың жетістігінде үйірме жетекшісі Теміржан Мамбетовтің еңбегі зор. Оқушылардың шахматқа деген қызығушылығын арттырып, ойлау қабілетін дамытуға, жарыс тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған жүйелі дайындық осындай нәтижелерге жол ашады.
Бүгінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қабілетін шыңдауда мектептен тыс білім беру ұйымдарының маңызы ерекше. Шахмат үйірмесі жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытып қана қоймай, оларды сабырлылыққа, жауапкершілікке және жеңіске деген жігерге тәрбиелейді.
Орал төрінде аудан намысын абыроймен қорғаған жас шахматшылардың жетістігі ортақ қуаныш. Алда Кәусарды республикалық жарыс күтіп тұр. Жас спортшылардың шахмат тақтасындағы әрбір жеңісі жаңа белестерге жол ашып, ауданымыздың спорттық жетістіктерінің қатарын толықтыра берсін!
Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы